Көктемде бірнеше өңірде су тасқыны болуы мүмкін. «Қазгидромет» қауіпті аймақтарды атады
![Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/qazgidromet-su-tasqyny-qaupi-zhoghary-ajmaqtardy-atady-1024x576.png)
«Қазгидромет» су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды атады. Сипоптиктер болжамына сәйкес, биыл өзен мен көлдерге жақын маңда орналасқан өңірлердің елдімекендерін су басуы мүмкін.
«Қазгидромет» мәліметінше, су тасқыны қаупі Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар өңірлерінде су басу қаупі бар.
Абай облысы
Абай облысы бойынша жылдық гидрологиялық мәліметтер талданып, жауын-шашынның жиналу, қату тереңдігі, өңірдегі топырақ ылғалдылығы ескерілген. Нәтижесінде қауіпті аймақтар анықталған. Солайша Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар, Мақаншы аудандары, Семей қаласы қауіпті аймаққа жатқызылған. Ал су тасқыны қаупі орташа аймақтар – Абай, Жаңасемей аудандары мен Курчатов қаласы.
Ақмола облысы
Ақмола облысында Есіл, Қалқұтан, Жабай, Селеті өзендерінде, сондай-ақ Есіл өзенінің арнасының бойында орналасқан аудандарда су арнасынан асып, өзендер деңгейі көтірілуі мүмкін. Су басу қаупі жоғары аймақтар – Целиноград, Аршалф, Атбасар, Астрахан, Зеренді аудандары. Бұланды, Жарқайың, Сандыктау, Ерейментау, Қорғалжын, Бурабай, Шортанды, Есіл, Жаксы аудандары мен Көкшетау мен Қосшы қалаларында су басу қаупі орташа деп бағаланады.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысының Тамды, Бестамақ ауылдарында және Ақтөбе қаласында Елек, Үлкен Қобда өзендерінің гидрологиялық бекеттерінде су деңгейі критикалық шегінен асып кетуі мүмкін. Ал Хромтау, Алғын, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Мәртөк аудандары арқылы өтетін Ор, Темір, Ембі өзендері мен Елек өзенінің төменгі ағысында су тасқыны қаупі орташа деп бағаланады.
Атырау облысы
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, Атырау облысының аумағында орташа көпжылдық көрсеткіштерден асатын су тасқыны кезеңі күтіліп отыр. Өңірде орналасқан Жылыой, Қызылқоға елдемекендерінде су тасқыны қаупі жоғары. Ал Ембі өзені бойында орналасқан Аққызтоғай ауылы маңындағы гидрологиялық бекеттің мәліметі бойынша көктемгі су тасқынының шекті деңгейі нормадан 3-49 см жоғары болып, қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.
ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында тәуекелі жоғары аймқтар – Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Самара, Алтай, Ұлан, Глубоковский аудандары. Ал қауіп деңгейі орташа аймақтар – Катонқарағай, Үлкен-Нарын, Марқакөл аудандары, Риддер қаласы.
Жетісу облысы
Жетісу облысының бірнеше аудандарын су басу қаупі жоғары. Олар – Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу аудандары. Ал Панфилов, Сарқан ауданы қаупі орташа аймаққа жатқызылған.
БҚО
Синоптиктер Батыс Қазақстан өңірінде де су тасқыны қаупі биыл да жоғары болады деп болжап отыр.
«Батыс Қазақстан облысының солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде топырақ бетінде қалыңдығы 20 мм-ге дейін жететін мұз қыртысы қатты. Наурызда ауа температурасының күрт жылынуы себебінен және жауын-шашынның мол болуына байланысты су тасқыны қаупі артады», – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
«Қазгидромет» мәліметінше, Орал қаласының аумағы, сондай-ақ Тасқала, Казталов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбі, Ақжайық аудандары мен Бәйтерек ауданында су басу қапі жоғары, ал Жанғала және Жәнібек аудандарында су басу қаупі орташа.
Қостанай облысы
Ал Қостанай облысының аудандарында 2024 жылғы көктемгі су тасқынының еріген суларымен көлдер мен түрлі ойпаңдары толып кеткен. Алдағы көктемгі кезеңде қардың еруі және жауын-шашынның мол болуы 2025 жылы өңірде су тасқыны кезеңнің күрделі өтуіне алып келуі мүмкін. Мұндағыф ең қауіпті аймақтар – Арқалық қаласы, Жангелді, Амангелді, Наурзым, Қарасу, Әулиекөл, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандары.
Басқа өңірлер
Ал Жамбыл облысында өзендер шекті деңгейінен асып кетпейді деп болжанып отыр. Сондай-ақ биыл Қызылорданың Жалағаш ауданында су басу қаупі жоғары болып саналады. Дәл солайша Қарағандының Ақтоғай, Қарқаралы, Бұқар-жырау аудандарында, Павлодар облысының Баянкөл ауданында, СҚО-ның Мүсірепов, Шал ақын, Қызылжар, Есіл аудандарында, Түркістан облысының Арыс-Шәуілдір елдімекенінде су басу қаупі жоғары.
«Қазгидромет» мәліметінше, болжам ауа райының өзгеруіне және синоптикалық және метеорологиялық жағдайлардың өзгеруіне байланысты құбылуы мүмкін.