Түркия билігі «Сүлейман сұлтанды» тергеуге алды: актер Халит Ергенчке қандай күдік келтіріп отыр

Жарияланды 3 Ақпан 2025 15:26

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

Тілші s.ostemir@kursiv.media
Түрік билігі бұл митингті билікті төңкеруге ұмтылу деп бағалады /фото: скрин

Түріктің танымал сериалы – «Ғажайып ғасырда» Сүлейман сұлтанның рөлінде ойнаған актер Халит Ергенч жалған куәлік берді деген айыппен тергеуге алынды. Онымен бірге тағы да бірнеше түрік актерлері осындай күдікке ілігіп отыр.

Мемлекеттік төңкеріс жасау айыбы

NTV хабарлауынша, Ыстанбұл прокуратурасы кастинг менеджері Айше Барымға қатысты істі тергеу кезінде актерлер жалған куәлік берген деп мәлімет таратқан.

Барымға 2013 жылы Гези паркінде наразылық шеруін ұйымдастырды деген айып тағылып, сот шешімімен тұтқынға алынған. Түрік билігі бұл митингті билікті төңкеруге ұмтылу деп бағалады.

Қылмыстық істе не айтылған?

Қылмыстық іс материалында Барымның Гези оқиғасы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған Осман Каваламен байланыста болғаны көрсетілген. Сол күні Барым аталған паркке өз бетінше келгенін, киножобаны ілгерілету үшін ғана байланыста болғанын айтқан еді.

Сонымен қатар ол «актерлер нарығында монополия құрды» деп айыптап, өзіне әлеуметтік желі арқылы шабуыл жасалғанын алға тартқан еді.

Халит Ергенч неге кінәлі болды?

Барымның ісін тергеу кезінде түріктің сегіз танымал актері куәгерлікке тартылды. Жақында Барыммен қатынаста болған басқа әртістер де тергеуге алынбақ.

Түркияның мәдениет қайраткерлері танымал кастинг-менеджерді тұтқындағаны үшін билікті сынаған болатын. Олар әлеуметтік желіде Барымның фотосуретін жариялап, «12-жыл бұрынғы оқиға үшін дәлелсіз тұтқындау біздің жікке бөлініп, қайта сайлауға дайындалып жатқандай әсер қалдырады» деп пост жазған.  

Сондай-ақ оқыңыз