Алматы әкімдігі 126 млрд теңге қарыз, Досаев ақшаны қайда жұмсады

Жарияланды
Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігінің қарызы қанша / Фото: Ашық дереккөз

2024 жылдың бірінші қаңтарында Алматы әкімдігінің мемлекеттік қарызы 126,56 млрд теңгені құрады. Қаланың аудит комиссиясының қорытындысында осылай жазылған.

Алматы әкімдігі қанша қарыз алды?

Алматының аудит комиссиясы 2023 жылы қала әкімдігінің борышы және мемлекеттік қарызды басқару бойынша аудит жүргізді. Тексеру кезінде бюджет қаржысын жоспарлау, пайдалану және қайтару бойынша мәселелер анықталған.

Аудиторлар есебіне сүйенсек, 2015-2023 жылдар аралығында Алматы әкімдігі 50 рет кредит алған. 2023 жылдың соңында олардың тек үшеуін ғана төлеген.

2023 жылдың 1 қаңтарында қала әкімдігінің борышы 129, 84 млрд теңге болды. Бір жыл ішінде ол қарыздың 3 млрд теңгесі ғана төленді. Қазір Алматы әкімдігінің 126,56 млрд теңге қарызы бар.

Миллиардтаған қарызды не үшін алды?

32,99 млрд теңге – республикалық бюджет алдындағы қарызы. 2039 жылға дейін қазынадан 10 рет кредит алған. Олар не үшін керек болды?

27,56 млрд теңгені «Алматы жылу жүйелері» ЖШС алған. Ол қаржы Алатау ауданындағы 2017 жылғы Универсиада нысандарын жылумен қамтамасыз ету үшін жылу магистралінің құрылысы мен ЖЭО-2 жылу шығару жүйесін жаңалау үшін қажет болған.

5,42 млрд теңгені «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ арқылы алып, жастар ұсынысы мен кәсіпкерлікті қолдау үшін жұмсаған.

93,57 млрд теңге – 11 мәміле бойынша кредиторлар алдындағы қарыз (2032 жылға дейін)

11,73 млрд теңге – Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 ауданы мен Түркісіб ауданындағы Жас Қанат шағын ауданының құрылысы үшін жұмсалды.

81,85 млрд теңге – «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында балабақша, кітапхана, мұражай, театрды жөндеу жұмысына, жол жөндеуге және т.б. құрылыстарға қажет болған.

Әкімдік қарызға алған қаржыны тиімді жұмсады ма?

Қала әкімдігінің бюджетті басқаруына тексеріс жүргізген аудит комиссиясы айтарлықтай қателіктер анықтады. Мәселен, бюджет қаражатының кассалық орындалуы уақытылы қайтарылмаған қарыздарға байланысты 1,07 млрд теңгеге артық көрсетілген. Құжаттарда бұл көрсеткіш 99,97%-дың орнына 160% болып жазылған.

Сондай-ақ тексерушілер 4,52 млн теңге көлемінде несие бойынша сыйақы есептеуде қателіктерді анықтады. Оның ішінде «Отбасы банкпен» жасалған келісімшарт бойынша қате төлемдер бар. Жалпы алғанда құны 24,78 млрд теңге болатын қателіктер анықталды.

Дегенмен есепке сүйенсек, Алматы әкімдігі кредиторлар мен республикалық бюджет алдындағы қарызын уақытылы және графикке сай төлейді. 2023 жылы 6,16 млрд теңге қарыз жабылды. Ал аудит кезінде «Алматы ӘКК» алдындағы 7,99 млрд теңге қарызын уақытынан бұрын қайтарды.

Қала әкімдігі бюджетін үнемді басқаруға да тырысып жатыр. Өткен жыл соңында үш жылдық бюджетін жариялап денсаулық сақтау, білім беру және қорғаныс саласындағы шығындарды азайтуды ұсынған еді

Сондай-ақ оқыңыз