Қазақстанның мемлекеттік қарызы ұлғайып жатыр

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 64 млрд долларды құрайды. Оның ішінде 57 млрд доллары – Үкіметтің борышы. Бұл туралы Қаржы министрлігі жариялаған құжатта жазылған.
Мемлекет қарызды қайдан алады?
Негізінен Қазақстанның сыртқы борышы халықаралық қаржы ұйымдарына тиесілі. Мәселен, Халықаралық қайта құру банкінен 3 млр доллар, ал Азия Даму банкінен 1,6 млрд доллар қарыз алған.
Одан бөлек Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 877 млн доллар, Қытай Халық Республикасының Экспорттық-импорттық банкінен 201 млн доллар, шетелдік коммерциялық банктерден 200 млн доллар қарыз алынды.
Қаржы министрлігі Ресейдегі қор биржасына да құнды қағаздарын орналастырып, 571 млн доллар қаражат тартқан.
Мемлекеттік қарызды қалай төлейді?
Елдің мемлекеттік қарызы көбейіп жатыр. Былтыр, 2024 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша 63,6 млрд долларға тең еді. 2025 жылы мемлекеттік қарызды төлеу үшін бюджеттен 6,1 трлн теңге қарастырған. Бұл жалпы бюджет шығысының төрттен біріне тең.
Мамандар қарызды төлеу жылдан-жылға қиындап бара жатқанын айтады. 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қарызды төлеуге жұмсалатын қаржы бюджет шығысының 10%-нан аспауы тиіс. Жоғары аудиторлық палата өкілі бұл норманы іске асыру қазірдің өзінде қиынға түсіп отыр деген еді.