Мыңдаған адамның 15 млрд теңгесін иемденген күдікті Қырғызстаннан елге жеткізілді

Жарияланды
Күдікті Қырғызстаннан елге жеткізілді / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан Бас прокуратурасы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге қаржы пирамидасын құрған, басқарған күдіктіні Қырғызстаннан елге экстрадициялады.

Құзырлы мекеме мәліметінше, топ мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында «QI-Trade» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан аса салымшының жалпы сомасы 15 млрд теңге қаражатын заңсыз иемденген.

«Күдікті халықаралық іздеуде жүрген уақытта Қырғызстанда кісі өлтіріп, қырғыз соты оны ауыр қылмыс жасағаны үшін соттаған», – деп жазды бас прокуртура.

Ол қаржы пирамидасын құрғаны, басқарғаны үшін Қазақстанда қылмыстық жауаптылыққа тартылып, одан кейін Қырғызстанға қайтарылады. Күдікті көрші елдегі соттылығы аяқталғаннан кейін ғана Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін белгіленген жазасын өтейді.

Күдікті қаржы пирамидасын құрып, басқарғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айрылуы, сонымен бірге мүлкі тәркіленуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура осы қылмыстық топтың екі мүшесін Ресей мен Польшадан экстрадициялап соттаған.

Жалпы қазақстандықтар 2024 жылы түрлі қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге құйып, оның 13 млрд теңгесі ғана қайтарылған.

Сондай-ақ оқыңыз