Қазақстанның бірнеше өңірінде жол жабылды

Жарияланды

3 ақпанда кешке Ақмола, Павлодар және Жамбыл облысыстарында ауа райының күрт бұзылуына байланысты автокөлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы «Қазавтожол» кәсіпорыны хабарлайды.

«Ауа райының бұзылуына байланысты «Меркі-Шу-Бұрылбайтал» автожолының 166-268 шақырым аралығындағы учаскесінде (Биназар ауылынан Бұрылбайтал ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады», – деп ескертті мемлекеттік кәсіпорындағылар.

Осының алдында ғана «Қазавтожол» дүйсенбі күні кешке ауа райының бұзылуына байланысты «РФ шекарасы – ҚХР шекарасы» автожолының 59-143 шақырым аралығындағы учаскесінде (Жаңақұрылыс ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылғанын хабарлаған.

Жол 4 ақпанда сағат 09:00-де ашылады деп жоспарланған.

Бұған қоса 3 ақпанда сағат 20:30-да ауа райының бұзылуына байланысты келесі республикалық автожолдарда көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады:

Ақмола облысы:
– «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 16-200 шақырым аралығындағы учаскесі (Астана қаласынан Павлодар облысының шекарасына дейін).

Павлодар облысы:
– «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 200-254 шақырым аралығындағы учаскесі (Ақмола облысының шекарасынан Шідерті ауылына дейін).

Жолдар 4 ақпанда сағат 00:00-де ашылады деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз