Әлеуметтік желіде Астана қаласы бас имамының зәулім үйі және төрт әйелі бар деген бейнежазба тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Алайда елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов бұл ақпараттың шындыққа жанаспайынын мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде такси жүргізушісінің зәулім үйді видеоға түсіріп, оның Астананың бас имамына тиесілі екенін айтқан видео тарады. Аталған бейнежазба қоғамда бірнеше күннен бері қызу талқылануда.
«Мынаны мен басында мешіт екен деп қалдым. Сөйтсем, Астананың бас имамының үйі екен. Мешіт сияқты дәу ғой сұмдық. Ал енді садақа беріңдер. Жұма сайын салған садақаларың міне қайда кетіп жатыр?! Қалтаға кетіп жатыр бәрі, сұмдық қой мынау. Не деген сарай мынау. Төрт әйелі бар дейді. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Сендердің садақаларыңмен жалақасын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды?! Мынаның ар жақтағы аумағын көрсең, бір гектар жерді қоршап алған ғой», – дейді видео авторы.
Десе де, қаланың бас имамы бұл ақпараттың жалған екенін, оның шындыққа мүлдем жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл жағдайды діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу деп атады.
«Қадірлі мұсылман жамағат! Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Фейсбук, тикток әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екендігін қаперлеріңізге саламын», -деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ Ерболат Жүсіпов көпшілікті арандатушылардың өсек-аяңына сенбеуге шақырды.
«Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жеккөрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың»-деген. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын. Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының Бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін»,- деді ол.
Осыған дейін, Қызылорда облысы Шиелі ауданында 21 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыздың некесін қиған имамның да басы дауға қалған болатын.