Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Әбілқайыр Сқақов қызметінен кетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов ұйымды 2023 жылдың қыркүйегінен бастап басқарды / Фото: ашық дерекөзден

Әбілқайыр Сқақов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарма төрағасы қызметінен кетті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

«Бүгін мен ресми түрде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы қызметінен кеттім. Бұл менің ойластырылған шешімім.Маған сенім артқаны үшін мемлекет басшылығына алғысымды білдіремін. Осындай маңызды ұйымды басқару – үлкен жауапкершілік және осы бағытта жұмыс істеп, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру саясатын іске асыру мен үшін үлкен мәртебе болды»,—  деп хабарлады Сқақов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол қор ұжымына алғысын білдіріп, көптеген қиындықтардан өткенін және жаңа жобаларды іске қосқанын атап өтті. 

«Сондай-ақ медицина және сарапшылық қауымдастықтағы әріптестеріме ерекше ризашылығымды білдіремін. Біз ашық пікір алмасып, кейде қызу талқыға түстік. Бірақ әрдайым ортақ мақсат – МӘМС жүйесін жетілдіру үшін жұмыс істедік. Осындай бірлескен тиімді жұмыс үшін көп рақмет!» – деп жазды ол.

Бұрын Павлодар облысының әкімі болған Сқақов осы қорды 2023 жылдың қыркүйегінен бастап басқарып келген болатын.

Ұйымды басқарып тұрған уақытында Сқақов медициналық сақтандыру қорының басшысының жалақысы мен топ-менеджерлерінің сыйақысын жария еткен болатын. Оның айтуынша, ӘМСҚ топ-менеджерлерінің жылына алатын максималды сыйақысы 650-700 мың теңгені құрайды. Ал өзі 1 млн 400 мың теңге алады.

Сондай-ақ оқыңыз