![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/old-image-83797.jpg)
Елімізде мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-анаға зейнетақы қалай тағайындалады? Сондай-ақ жасы 18-ден асқан мүгедек баланы асырағаны үшін атқарушы органдар тарапынан ата-анасына қанша айлық төленуі керек? Мәжіліс депутаттарының бұл сауалына Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді.
Үкімет басшысы мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-анаға зейнетақы қалай тағайындалатынын түсіндіріп берді. Ресми жауапта отандық зейнетақы жүйесі қалыптасқан және зейнетке шығу жасы қолданыстағы заңнамамен реттелгені айтылған. Десе де, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды ерте зейнетке шығарған жағдайда олардың зейнетақысы өте төмен болады.
«Себебі жеткілікті зейнетақы алу үшін азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тұрақты қатысуы қажет. Жинақтаушы жүйеге қатысу мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді»,- делінген жауапта.
Сондай-ақ жауапта 18 жастан асқан мүгедек баланы асырағаны үшін мемлекеттің органдар ата-анаға қанша айлық төленетіні туралы да айтылған.
«2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оған сәйкес мүгедектігі бар балаларды (18 жасқа толғаннан кейін) тәрбиелеп отырған ата-аналар жеке көмекші ретінде жұмысқа қабылданады. Жеке көмекшілерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жалақы (128 716 мың теңге) төленеді, сондай-ақ тиісті жарналар, соның ішінде міндетті зейнетақы жарнасы аударылады»,- делінген ресми жауапта.
Осылайша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде қажетті еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарының сомасы жинақталады. Бұл, өз кезегінде, оларға зейнетақы тағайындау кезінде негізге алынып, тиісті деңгейде зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мүгедектігі бар баласы 18 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне ай сайын мемлекеттік жәрдемақы 74 428 теңге төленеді. Бұдан бөлек, баланың мүгедектігі үшін жәрдемақысы да сақталады.
Соңғы уақытта Қазақстанда мүгедектік көрсеткіштері көтеріліп жатыр. Елде жалпы мүгедектігі бар адамдардың 84%-ы ересектер болса, 16%-ы 18 жасқа дейінгі балалар екен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда мүгедектігі бар балалардың саны артқан.