Жаңалықтар

Сауда тәуекелдері Азиядағы технологиялық акцияларды 20%-ға құлдыратуы мүмкін – Morgan Stanley

Morgan Stanley инвесторларға Азия технологиялық нарығындағы құнды қағаздар пайдасын бекітуді ұсынды. Банктің есебінше, бұл сектордағы акциялардың құны жақын арада 20%-ға төмендеуі мүмкін.

Bloomberg-тің хабарлауынша, егер компьютерлік чиптерге салынатын баж салығы өсіп, сауда қатынастары тағы да шиеленіссе, Азиядағы технологиялық компаниялардың акциялары қысқа мерзімде шамамен 20%-ға құнсыздануы мүмкін.

Банк өкілдерінің пікірінше, технологиялық секторға кері әсер ететін жағымсыз факторлар «жалпы алғанда тәуекел мен кірістіліктің тиімсіз арақатынасын қалыптастырып отыр». Жасанды интеллект саласындағы бум акциялардың қымбаттауына әкелгенімен, акцияға шаққандағы табысқа қатысты болжамдар жақсарған жоқ.

Сондай-ақ сарапшылар 2018 жылы Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде геосаяси шиеленістің күшеюі салдарынан технологиялық сектордағы акциялардың құлдырағанын еске салды.

Қандай компаниялардың акциясын сатып алған жөн?

Қазіргі таңда Morgan Stanley жаһандық жартылай өткізгіштер компанияларына емес, Қытайдың ішкі нарығына бағытталған интернет-компаниялар мен микросхема өндірушілеріне инвестиция салуды құптап отыр.

Банктің байламынша, Naura Technology Group, Semiconductor Manufacturing International (SMIC) және Hua Hong Semiconductor секілді компаниялар сауда қатынастарындағы шиеленістен пайда көре алады. Өйткені олардың сатылымының негізгі бөлігі ішкі нарыққа тиесілі.

Қытайдың АҚШ-қа қарымтасы

4 ақпанда АҚШ Қытайдан келетін импортқа 10%-дық жаңа баж салығын енгізді. Бұл Трамптың президенттік кезеңінде салынған 25%-ға дейінгі бұрынғы салықтарға қосымша енгізіліп отыр.

Бұған жауап ретінде Қытай АҚШ-тан келетін көмір мен сұйытылған табиғи газға 15% баж салығын, сондай-ақ америкалық мұнай, ауыл шаруашылығы техникасы және кейбір автомобильдерге 10% салық енгізді. Бұл талаптар 10 ақпанда күшіне енеді.

Сонымен қатар Қытай билігі Google-ге қарсы монополияға қарсы тергеу бастады. Calvin Klein брендіне иелік ететін PVH компаниясын және генетикалық талдау жабдықтарын өндіруші Illumina-ны «қара тізімге» енгізді. Электроника, авиация және қорғаныс салаларында қолданылатын вольфрам мен басқа да маңызды металдардың экспортына шектеу қойды.