Инвесторлар Nvidia компаниясының болашағына алаңдаулы
Market Watch басылымның хабарлауынша, Nvidia акциялары 3 ақпан күні 2,87%-ға төмендеді. Инвесторлар АҚШ-тың импортқа баж салығын енгізуі компанияға теріс әсер етуде деп бағалады.
Күндізгі сауда барысында акциялардың құлдырауы 3,4%-ға дейін жетті. Кейін Дональд Трамптың Мексикаға қатысты баж салығын бір айға тоқтата тұру туралы шешімі шыққан соң, акциялар бағасы біршама қалпына келді.
Дегенмен, инвесторларды мазалайтын сұрақ көп. Соның бірі – «Егер АҚШ жаһандық «сауда соғысын» бастаса, чип өндірісі қандай күйге түседі?» деген сауал.
Bernstein сарапшысы Стейси Расгонның есебіне сәйкес, 2023 жылы АҚШ 73 млрд доллар көлемінде жартылай өткізгіштер импорттаған. Бірақ оның тек 7 млрд доллары ғана Қытай, Мексика және Канададан келген. Бұл баж салығының тікелей әсері айтарлықтай сезілмеуі мүмкін екенін білдіреді. Алайда жанама әсер болуы ықтимал. Өйткені АҚШ-қа импортталатын негізгі тауарлардың бірі жартылай өткізгіштерді қамтитын электроника екені түсінікті.
«АҚШ-қа импортталатын үш ірі тауар санаты – электр жабдықтары, машиналар және көлік құралдары. Ал бұлардың барлығы жартылай өткізгіштерді көп мөлшерде қамтиды», – дейді Расгон.
Сарапшы бұл құрылғылардың Қытай, Мексика және Канадамен тығыз байланысы бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар АҚШ Қытайдан жалпы құны 39 млрд доллар болатын серверлер мен деректерді өңдеуге арналған компьютерлерді, ал Мексикадан 28 млрд доллар көлемінде осыған ұқсас жабдықтарды импорттайды.
«Сондықтан жанама салдар ықтималдығы жоғары», – дейді Расгон электроника, машиналар мен көлік құралдарының импорты бұдан да үлкен екенін ескерте отырып.
Wedbush компаниясының сарапшысы Дэниел Айвз Трамптың баж салығын енгізуін «үрей туғызатын тактика» деп атады. Ол инвесторларға соңғы күндері құлдырауға ұшыраған компаниялардың акцияларын сатып алу жағын қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ Бейжіңнің қатаң қарымта жауап қайтаруға бармайтынын, ал қысқа мерзімді перспективада жеткізілім тізбегінде тек болмашы іркілістер болуы мүмкін екенін айтты.