«ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы мен бірнеше өңірдегі филиал басшысының жемқорлық істерінен келген шығын көлемі қанша әрі ол өтелді ме? Осындай сұрақ Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевке қойылды.
Дархан Иманашев былтыр және алдыңғы жылы «ҚазАвтоЖол» қызметкерлеріне іс қозғалып, сот шешімдері шыққанын атап өткенімен, келген шығын көлемін атай алмады.
Оның сөзінше, келген залал бойынша бөлек сот отырыстары өтіп жатыр. Журналистер «ҚазАвтоЖол» басшысынан ішкі аудит негізінде қанша шығын келгенін нақтылауды сұраған.
Алайда Дархан Иманашев мұнда да нақты ештеңе айта алмай, келген залал бойынша ішкі аудит жүріп жатқанын жеткізді.
2024 жылғы желтоқсанда «ҚазАвтожолдың» экс-басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылған.