Жаңалықтар

Ақ үйге алғаш Израиль басшысы барды: Трамп оған 1 млрд доллар көмек бермек

Ақ үйге алғаш Израиль басшысы барды/Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Конгрестен Израильге 1 млрд доллар көлемінде әскери көмек беруді мақұлдауды сұраған. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды.

Көмек пакетіне 450 келі тартатын 4,7 мың бомба мен Caterpillar компаниясының 300 млн доллар тұратын брондалған бульдозерлері кіретіні хабарланды.

Конгрес қару-жарақ сату мәмілесін белгілі бір қаржылық шектен асқан жағдайда мақұлдайтынын хабарланды. Мұндай келісімдерде мемлекеттік департамент палата өкілдері мен сенаттың сыртқы істер комитеттеріне ақпарат жібереді, ал мәмілені бекіту үшін конгрестің келісімі қажет.

Нетаньяхудың сапары және Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім

2 ақпанда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-қа келді. 4 ақпанда оның Трамппен кездесуі жоспарланған. Израиль премьерінің кеңсесі Нетаньяху – Трамп екінші президенттік мерзімінде Вашингтонға шақырған алғашқы шетелдік көшбасшы екеніне назар аударды.

3 ақпанда Нетаньяху АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Axios басылымы дереккөздеріне сүйене отырып, Израиль премьері АҚШ президентінен ХАМАС-пен бітімнің алғашқы кезеңі аяқталған соң әскери операцияларды жалғастыруға рұқсат беруді сұрайтынын жазды.

Бітім шарттары

Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім 19 қаңтардан бері күшінде. Бұл келісім аясында ХАМАС тұтқынға алынған адамдарды Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарға айырбастап жатыр. Алғашқы 42 күнде 33 тұтқын (оның 25-і тірі) қайтарылады, ал ХАМАС жүздеген палестиналықты алады. Осы келісім аясында 13 адам босатылған, олардың ішінде АҚШ, Франция, Аргентина азаматтары бар.

Бұған дейін, Трамп пен Путин Сауд Арабиясында немесе БАӘ-де кездесуі мүмкін екені хабарланған.