Жаңалықтар

Украина сирек кездесетін металдарын АҚШ-қа бір шартпен беруге дайын – NYT

Украина сирек кездесетін металдарын АҚШ-қа бір шартпен беруге дайын/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Киев АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинаға әскери қолдау білдіретінінің өтеуі ретінде сирек металдарын иемденгісі келетініне пікір білдірді. О баста мұндай ұсыныс Украина тарапынан жасалған, деп жазады NYT.

Трамп мәлімдемесі

«Біз Украинамен келісім жасағымыз келеді, олар бізден алатын көмекті өздерінің сирек жер металдары және басқа да ресурстары арқылы өтейді» деген Трамп.

Ұсыныс бастапқыда Украина тарапынан айтылған

NYT бұл ұсынысты алғаш Украина президенті Владимир Зеленский жасап, Трамп соны іліп әкеткеніне назар аударды.

Зеленский АҚШ-тың Украинаға көмектесуі экономикалық тұрғыдан тиімді екенін, өйткені елде Америка өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін стратегиялық маңызды минералдардың мол қоры бар екенін айтқан.

Киевтің шарты

«Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде жоғары лауазымды украиналық шенеунік Украина АҚШ-пен сирек минералдар бойынша келісім жасауға дайын екенін айтты. Бірақ бұл үшін АҚШ қауіпсіздікке кепілдік беруі қажет, өйткені Украина бұл ресурстардың Ресейдің қолына түсуіне жол бергісі келмейді» деп жазады NYT.

Басылымның хабарлауынша, Украина былтырғы жылдың соңында Джо Байден әкімшілігімен пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды жоспарлаған. Алайда украин билігі Трамптың қызметке кірісуін күтіп, келісімді кейінге қалдырған.

Желтоқсан айында Украина үкіметінің делегациясы Вашингтонда америкалық кәсіпкерлермен кездесіп, стратегиялық пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алу бойынша іскерлік ұсыныстарын таныстырған. NYT мәліметінше, бұл кездесуде тараптар келісімнің ықтимал шарттарын талқылаған.

Украина литий, уран және титан сияқты сирек минералдарға бай.

Ресей не дейді

Interfaх Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың аталған мәселеге байланысты пікірін келтірді. Басылым мәліметінше, Песков мұндай келісімді «Вашингтонның Киевке көмегін коммерциялық негізге көшіру ұсынысы» ретінде бағалап, одан да конфликтті шешуге талпынғаны дұрыс еді деп сынаған.

Бұған дейін, Трамп Израильге 1 млрд доллар көмек беретіні белгілі болды.