Банк пен қаржы

Болат Өтемұратовқа тиесілі ForteBank AIX-те еурооблигацияларын орналастырды

ForteBank AIX-те еурооблигацияларын орналастырды/ Фото: kursiv.media

ForteBank Astana International Exchange (AIX) алаңында 400 миллион долларды құрайтын бес жылдық еврооблигациялары орналастырылды. Аталған бағалы қағаздар Vienna MTF платформасында да саудаланады.

Бастапқыда 8,25% болып белгіленген купондық мөлшерлеме 7,75%-ға дейін төмендеген. Оған инвесторлардың сұранысы жоғары болуы себеп. Бұл соңғы 12 жылдағы қазақстандық екінші деңгейлі банк шығарған алғашқы еврооблигациялар болып отыр.

AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова ForteBank-тің еврооблигацияларының AIX биржасында листингтен өтуі қазақстандық қаржы секторына деген сенімнің жоғары екенін және банктің нарықтағы орнықты позициясын көрсететінін атап өтті.

«Бұл листинг шетелдік инвесторларға дамушы нарықтардың сапалы активтеріне қол жеткізе отырып, өз портфельдерін әртараптандыруға мүмкіндік береді,» – деді ол.

Қаржы ұйымы 1999 жылы құрылған. 2015 жылға дейін «Альянс Банк» деп аталған. Қараша айының басындағы жағдай бойынша банк активтері мен несие портфелінің көлемі бойынша Қазақстандағы 21 банктің ішінде бесінші орынды иеленеді.

Банк акцияларының 89%-ы миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі. Өтемұратов Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде алтыншы орында тұр.