Қазақстандық автонарық қарқынды өзгеріп, түрленіп, дамып келеді. Ал соңғы жылдардағы басты үрдістердің бірі – қытайлық автокөліктер үлесінің күрт артуы. 2024 жылы олардың ел аумағындағы сатылымы рекордтық деңгейге жетті. Made in China брендтері нарықтың дәстүрлі көшбасшыларын ығыстыра бастады. Алайда, танымалдылықтың артуымен қатар, қосалқы бөлшектердің тапшылығы, сервис және жалпы сенімділікке қатысты жаңа мәселелер туындады.
Қазақстанда қытайлық қандай маркалар ең көп сатылды? Қытай автокөліктерінің иелері қандай қиындықтармен бетпе бет келуі мүмкін? Алдағы жылдары нарықта қандай өзгерістер болуы мүмкін? Бұл сұрақтарға Kursiv.media тілшісі жауап іздеп көрді.
Қытай автокөліктерінің сатылымы қарқынды өсуде, деректер мен фактілер келтірсек
2024 жылы Қазақстандағы дилерлер жалпы саны 205 111 жаңа автокөлік сатты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,2%-ға көп. Оның ішінде 80 000-ға жуығы Қытайда шығарылған, яғни бұл олардың нарықтағы үлесі 39%-ға жетті дегенді білдіреді.
Салыстырып көрейік. Мәселен, коронавирустық пандемия басталған 2020 жылы қытайлық маркалар нарықтың небәрі 10%-ын құраған. Сол тұста Қазақстанда Toyota, Hyundai, Kia және Lada сияқты брендтер көш бастап тұрған еді. Бірақ соңғы төрт жылда жағдай түбегейлі өзгере бастады.
2024 жылы Қазақстанда ең көп сатылған 5 қытайлық бренд:
1. Chery – 23 115 автокөлік
2. Haval – 19 752 автокөлік
3. Geely – 12 307 автокөлік
4. Exeed – 9 812 автокөлік
5. Changan – 6 543 автокөлік
Бұл брендтер дәстүрлі түрде сұранысқа ие Kia және Volkswagen маркаларын басып озды.
Made in China автокөліктерінің танымал болуының сыры неде?
Біріншіден, баға мен жабдықталуы. Сол баға диапазонында қытайлық авто өндірушілер бәсекелестерінен асып түсетін технологиялар мен кеңейтілген конфигурацияларды ұсынады. Мұның өзі негізгі басымдық.
Екіншіден, қытайлар маркетингтік стратегия құрудың шебері. Олар жылдан жылға Қазақстан нарығындағы дилерлік желілерін кеңейтіп, тиімді несие және лизингтік бағдарламалар ұсынып отыр.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдау. Қазақстанда биыл қытайлық бірнеше автокөлік маркасын құрастыратын ірі кәсіпорын іске қосылады. Мультибрендті кәсіпорын Chery, Haval, Changan автокөліктерін экспортқа шығармақ. Зауытта жыл сайын 90 мың автокөлік өндірілмек. Бұл бағаның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
Қосалқы бөлшектер мәселесі
Қытайлық автокөліктер саны артқан сайын, оларды жөндеу мен техникалық қызмет көрсету қажеттілігі де туындайтыны анық. Соңғы екі жылда Chery немесе Haval маркаларына арналған бөлшектерді табу қиындай түсті. Бұған қоса, тағы бірқатар мәселелер туындады:
Мәселен, түпнұсқа көлік бөлшектерінің бағасы жоғары. Мысалы, Chery Tiggo 7 Pro моделінің алдыңғы бампері 250 000 теңге, ал Hyundai Tucson-ның бұл бөлшегі 170 000 теңге тұрады.
Сонымен қатар, кейбір бөлшектердің жетіспеушілігі тағы бар. Сұраныстың артуына байланысты кейбір бөлшектерді ұзақ күтуге тура келеді.
Сондай-ақ, «Аспан асты елінде» құрастырылған темір тұлпарларды жөндей алатын білікті мамандар тапшы. Қазақстанда аталған маркадағы автолардың қозғалтқыштары мен трансмиссияларын жөндей алатын механиктер тапшы.
ARMTEK компаниясының мәліметінше, 2024 жылы Қытайдан әкелінетін автокөлік бөлшектерінің бағасы 20-25%-ға қымбаттаған. Оның негізгі себебі – логистикалық шығындардың артуы және теңгенің юаньға шаққандағы бағамының өзгеруі.
Қосалқы бөлшек тапшылығы мәселесін қалай шешуге болады?
Сарапшылар мынай үш шешім ұсынып отыр:
- Жергілікті зауыттарды дамыту. Мысалы, Қазақстандағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында JAC және Exeed маркаларының кейбір бөлшектері шығарыла бастады.
- Дилерлердің қоймаларын кеңейту. Chery, Haval және Geely ресми дистрибьюторлары Алматы мен Астанада үлкен қоймалар аша бастады.
- Параллель импортты дамыту. Кейбір компаниялар Қытай бөлшектерін БАӘ және Ресей арқылы тікелей импорттауды жолға қойған.
Қытайлық электромобильдер: Қазақстандықтар жаңа технологияларға дайын ба?
2024 жылы Қазақстан нарығында байқалған тағы бір үрдіс – Қытай электромобильдеріне сұраныстың артуы. Бұл сегментте BYD, Zeekr, AITO және Hongqi брендтері көш бастап тұр.
Алайда, Қазақстанда электромобильдерді жаппай пайдалануға әзірге инфрақұрылым жеткіліксіз. Бүгінде зарядтау станциялары тек ірі қалаларда орналасқан. Осыған қарамастан, үкімет 2026 жылға дейін ел аумағында 500-ден астам қуаттау станциясын орнатуды жоспарлап отыр.
2025 жылға болжам: Қазақстандық автонарықты не күтіп тұр?
Сарапшылардың пайымынша, Қытай автокөліктерінің ел нарығындағы үлесі артады. 2025 жылдың соңына қарай олардың Қазақстандағы үлесі 45%-ға жетуі мүмкін.
«Қазақстан автомобиль одағының» хабарлауынша, 2025 жылы жергілікті автоөндіріс дами түседі. Қазақстанда екі жаңа автозауыт іске қосылып, жергілікті нарыққа тиімді бағадағы қытайлық автокөліктер шығарылады.
Болжамға сүйенсек, электромобильдерге сұраныс өседі. Қазақстанға Nio және Xpeng сияқты жаңа брендтеркеледі деп жоспарланған.
Бұған қоса, биыл қызмет көрсету орталықтарының саны артады. Қытайлық автоөндірушілер Қазақстанда сервистік желілерін кеңейтуге инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Қытайлық автокөліктер Қазақстан нарығында өз орнын нықтап, жоғары технологиялы, қолжетімді және заманауи көліктер ретінде таныла бастады. Алайда, қосалқы бөлшектердің қымбаттауы мен сервистік қызметтің жеткіліксіздігі кейбір қиындықтар тудырып отыр.
Алдағы жылдары жергілікті өндірісті дамыту, дилерлік желілерді кеңейту арқылы бұл мәселелердің шешімін табуы мүмкін. Бір анығы қытайлық брендтер енді тек балама нұсқа емес. Олар корей және жапон автоөндірушілерімен тең дәрежеде бәсекеге түсуде.