Жаңалықтар

1 млн отбасының баласы жоқ: Қазақстанда чайлдфри субмәдениеті бар ма

Қазақстандағы бала туу көрсеткіші қандай / Фото: shutterstock

Қазақстанда көп балалы отбасылардың қатары азайып келеді. 2024 жылы соңғы 5 жылдағы ең төменгі туу көрсеткіші тіркелген. Әлеуметтік және экономикалық себептер де бұл үрдіске айтарлықтай әсер етіп жатыр.

Жастар үшін білім алу, мансап құру сияқты басымдықтар бірінші орынға шығып, бала сүю мәселесін кейінге қалдыру үрдісі байқалады. Сонымен қатар, экономикалық тұрақсыздық, баспана мәселесі және өмір сүру шығындарының көбеюі де көп отбасылардың балалы болу туралы шешімін кейінге шегеруіне себеп болып отыр.

Қазақстанда чайлдфри субмәдениеті бар ма?

Соңғы жылдары Қазақстандағы туу көрсеткіштерін қарастырғанда, чайлдфри субмәдениетінің демографиялық жағдайға айтарлықтай тікелей әсерін анықтау мүмкін емес. 2018-2021 жылдар аралығында туған балалар санының динамикасы туу көрсеткішінің өскенін көрсетеді.

Ал 2022-2023 жылдары «коронакризис» кезіндегі бэби-бумнан кейін туу қарқынының аздап төмендеуі байқалды. 2023 жылы елде 388 мың, 2024 жылы 369 мың сәби дүниеге келді, бұл соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

«Қазақстан отбасылары – 2022» ұлттық баяндамасы шеңберінде жүргізілген сауалнамада «қанша балаң болғанын қалайсың» деген сауал қойылған. Сонда респонденттердің 49 пайызы жақыр арада балалы болуды жоспарлап жүрген жоқпын деп жауап берген. 10,5%-ы 1 бала жетеді десе, 14 пайызы екі баласы болғанын қалайтынын айтқан. 8,8 пайызы отбасында үш бала болғанын қалайтынын жеткізген. Тек 9,5%-ы төрт және одан да көп бала қалайтынын жеткізген.

Бала туу көрсеткіші неге төмендеп барады?

Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеп бара жатыр. Бұл құбылысқа бірнеше негізгі факторлар әсер етеді.

  1. Экономикалық себептер. Көптеген отбасылар материалдық тұрақтылыққа жетпейінше бала сүюді кейінге шегереді. Тұрғын үй мәселесі, табыс деңгейінің жеткіліксіздігі, бала тәрбиесіне кететін шығындардың өсуі – басты факторлардың бірі.
  2. Әлеуметтік факторлар. Қазіргі қоғамда жастардың өмірлік басымдықтары өзгеруде. Білім алу, мансапқа жету, өзін-өзі дамыту секілді мақсаттар бірінші орынға шығып, отбасын кеш құру үрдісі байқалады.
  3. Урбанизация және өмір салтының өзгеруі. Қалалық жерлерде өмір сүру қымбатырақ, әрі әлеуметтік жағдайлар балалы болуды қиындатуы мүмкін. Көпбалалы отбасылардан гөрі, бір немесе екі баламен шектелу жиі кездеседі.
  4. Денсаулық және экология. Дұрыс тамақтанбау, экологиялық жағдайдың нашарлауы, стресс пен өмір сүру салты әйелдердің репродуктивті денсаулығына әсер етеді. Белсіздік пен бедеулік мәселесі де өзекті болып отыр.
  5. Мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі. Балалы отбасыларға арналған жәрдемақылар мен жеңілдіктер кейбір елдермен салыстырғанда төмен. Әсіресе, бала күтімі бойынша демалыстан кейін әйелдердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектеулі.

Осы факторлардың жиынтығы бала туу деңгейінің төмендеуіне әкелуде. Ұзақ мерзімді перспективада бұл Қазақстанның демографиялық ахуалына әсер етуі мүмкін.

                   

Репродуктивті денсаулық: бедеулік артып келеді

Қазақстанда 2021 жылы 18 және одан жоғары жастағы адамдардың репродуктивті денсаулығына әсер ететін несеп-жыныс жүйесі ауруларының жиілігі ер азаматтарға қарағанда (274 044 жағдай) әйелдер арасында (878 524 жағдай) жоғары болды. Айырмашылық – 604 480 адам.

Сонымен қатар, біз несеп-жыныстық жүйесінің бүйрек және несеп жолы тастары сияқты аурулары әйелдермен (12 495 адам) қатар ерлерде де (10 819 адам) бірдей жиі кездесетінін көреміз.

Бүйрек тубулоинтерстициальды ауруының тіркелу жағдайларының саны әйелдерде – 226 484 жағдайды, ал ерлерде – 97 284 жағдайды құрайтыны алаңдатады. Сондай-ақ, әйелдердің жатыр мойны эрозиясы мен эктропионының көп мөлшерін, яғни 60 640 жағдайды атап өтуге болады.

Ерлер белсіздігі 2020 жылы 1 372 пациентте, ал 2021 жылы – 1 515 ер азаматта тіркелді. Әйелдердің бедеулігі 2020 жылы 16 187 пациентте, ал 2021 жылы – 19 880 әйелде тіркелді. Республикамызда ерлер және әйелдер бедеулігінің тіркелген өсімін байқап отырмыз.