Павлодар тұрғыны қаржы пирамидасын құрып, 3 айда 150 адамды алдап кеткен

Жарияланды
қаржы пирамидасы
Павлодарда «Автолюкс» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды / Фото: shutterstock

Қаржы мониторинг агенттігі Павлодар облысында «Автолюкс» инвестициялық пирамидасына қатысты тергеу бастады. Аталған қаржы ұйымы үш ай ғана жұмыс істесе де, салымшыларына миллиондаған зиян тигізіп үлгерген.

Агенттік мәліметінше, қаржы пирамидасы 2024 жылдың қыркүйек-қараша аралығында жұмыс істеген. Павлодардан бөлек Алматы, Ақтөбе және басқа облыстарға да тараған.

Қаржы ұйымын құрған күдікті интернет дүкенде жұмыс істеген. Клиенттеріне тауарларды жалған түрде бөліп төлеу арқылы сатып алуды ұсынған. Әр сатып алғаны үшін 10 күн сайын 5%-15%-ға дейін сыйақы төленеді деп уәде береді. Солай 150 адамды тартып, 100 млн теңге ақша алған.

Салымшылар қолына тауар тимесе де сыйақыны күтіп, несиесін төлей берген. Ал бұл уақытта күдікті тұтынушыларынан алған ақшаны шешіп алып, қымбат ойын-сауыққа жұмсаған. БАӘ, Таиландқа саяхаттап үлгереді. Тіпті Mercedes Benz және Toyota Camry маркалы екі көлік сатып алған.

«Сот күдіктіге қатысты «үйқамақ» түрінде бұлтартпау шарасын таңдады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды», – деп жазылған агенттік сайтында.

Қазақстандықтар арасында қаржылай алаяқтарға алданып қалатындар азаяр емес. Өткен жылы азаматтар қаржы пирамидасына 20 млрд теңге құйған. Оның тек 13 млрд теңгесі ғана қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыз