Алматыда жаңғыру жұмыстары жүргізілмеген базар иелері жауапкершілікке тартылады
Алматыда 2025 жылдың соңына дейін жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген базарлардың иелері 2026 жылдың басында жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Қай базар жаңаруы тиіс?
Министрлік ақпаратына сүйенсек, 2025 жылы жол картасы аясында Алматыда 10 базар жаңғыртылуы тиіс.
«Министрліктің Жол картасына сай Алматыдағы «Арлан», «Батыр», «Тұлпар, «Арыстан», «Жібек Жолы», «Азия», «Тау самалы», «Береке», «Сауда кент» және «Сарыарқа» базарларында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Базар иелері бұл жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауы керек», – делінген хабарламада.
Қиындықтар
Ведомство ақпараты бойынша базар әкімшілері жергілікті органдардан құрылыс құжаттарына келісім алуға ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан министрлік әкімдіктерді кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
«Алматыда қазір 38 сауда базары бар. Оның тқртеуі арнайы базар болса, қалған 34-і әмбебап базар. Сауда заңнамасына сай сауда базарлары өз аумағында көлік тұрағымен қамтылған, сауда орындары санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына сай, онлайн төлем жүргізу мүмкіндігі болуы шарт», – делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматыдағы базарлардың көп бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына тиесілі болып келген. Мәселен бұрын қала орталығында болған «Никольский» базарын шетелдіктерге сату туралы іс қаралғанда, оған Болат Назарбаевтың қатысы бар екені айтылған.