Ұлттық Банк инкассаторларға қатысты алаяқтық схема туралы ескерту жасады
Қазақстан Ұлттық банкі «Инкассациялық қызмет BRINKS» компаниясының заңсыз әрекеттері туралы мәлімдеп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, BRINKS басқа инкассаторлық фирманың лицензиясын заңсыз пайдаланып, өз сайтында жалған ақпарат таратқан. Атап айтқанда, компания «КАЗИНКАС» инкассациялық қызметінің құжаттарын өзінікі ретінде көрсеткен.
Ұлттық банк бұл әрекеттер тұтынушыларды жаңылыстырып, олардың сенімін теріс пайдалануға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл қазақстандық ұйымның әлемдік The Brink’s Company инкассациялық қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін ескертті. BRINKS компаниясындағы ең үлкен үлес (12,53%) Blackrock инвестициялық корпорациясына тиесілі.
Ұлттық банк қазақстандықтарға инкассациялық қызметтерді тек ресми лицензиясы бар ұйымдардан алуға кеңес береді. Қазіргі таңда инкассация қызметін ресми түрде жүзеге асыруға рұқсат етілген компаниялардың тізімі реттеуші органның сайтында жарияланған.
2023 жылдың қыркүйек айындағы соңғы дерек бойынша, Қазақстанда тек 6 компанияның инкассация қызметіне лицензиясы бар.
Егер сіз заңсыз әрекеттерді байқасаңыз, Қазақстан құқық қорғау органдарына шағым түсіруіңіз керек. Қосымша сұрақтар бойынша Ұлттық банктің 1477 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуға болады.