Жаңалықтар

АҚШ үкіметі USAID агенттігінің террористік ұйымдарға бөлген қаржысын әшкереледі

USAID агенттігі террористік ұйымдарды қаржыландырған / фото: архив kursiv.media

АҚШ үкіметі халықаралық көмек көрсету агенттігі USAID-тің қаржылық шығындарын қайта қарастырып, кейбір бағдарламаларды «қауіпті» деп таныды. Ақ үй таратқан мәлімдемеде агенттіктің көптеген жобаларына қатаң сын айтылып, салық төлеушілердің қаражаты негізсіз жұмсалған деп көрсетілген.

USAID қаржыландырған жобалар: талас тудырған шығындар

Ақ үйдің мәліметінше, USAID террористік ұйымдармен байланысы бар коммерциялық емес ұйымдарға жүздеген мың доллар бөлген. Бұл қаражат «Аль-Каида» және басқа да экстремистік топтармен байланысты тұлғаларға бағытталған. Сонымен қатар, агенттік Сириядағы лаңкестік топтарға азық-түлікпен көмек көрсеткені айтылды.

АҚШ үкіметі USAID-тің шетелдегі ЛГБТ жобаларына жұмсаған қаржысын да тиімсіз деп тапты. Атап айтқанда:

  • Колумбиядағы «трансгендерлік операға» – 47 мың доллар
  • Перу еліндегі «трансгендерлік комикстерге» – 32 мың доллар
  • Ирландиядағы «әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік» саясатын насихаттайтын мюзиклге – 70 мың доллар

Бұдан бөлек, Ауғанстандағы ирригациялық каналдарды салу мен тыңайтқыштар сатып алуға бөлінген жүздеген миллион доллардың есебінен есірткі өндірісі артқан. Белгілі болғандай, бұл қаражат героин жасауға пайдаланылған.

USAID реформасы: қатаң бақылау енгізіледі

Ақ үйдің мәлімдемесінде USAID агенттігіне бақылаудың әлсіз болғаны және оның қаржылық есеп беруі ашық жүргізілмегені ерекше атап өтілген. Қазіргі таңда агенттік қайта құрылымдау және бөлінетін қаржыны қатаң қадағалау кезеңінен өтіп жатыр.

АҚШ үкіметінің бұл шешімі халықаралық ұйымдар мен кейбір адам құқықтарын қорғаушы топтардың сынына ұшырауы мүмкін. Алайда Ақ үй салық төлеушілердің ақшасын тиімсіз жобаларға жұмсауға жол бермеу керек деген ұстанымда.

Бұған дейін, USАID бағдарламалары тоқтайтын болса Қазақстан қалай әсер ететіні туралы жазған едік.