Жаңалықтар

Көлік министрі ақылы жолдарды көбейту арқылы одан түсетін қаржыны 100 млрд теңгеге жеткізбекші

ақылы жолдар
2026 жылы ақылы жолдардан түсетін түсім 100 млрд долларға жетуі мүмкін / Фото: Ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда ақылы жолдар көбейеді. Соның есебінен 2026 жылы ақылы жолдардан түсетін түсім көлемі 100 млрд теңгеге жетеді. Бұл туралы Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

Ақылы жолдар көбейеді

Министрдің айтуынша, ақылы жолдардан 2024 жылы 48 млрд теңге көлемінде түсім түскен. Ал 2025 жылы бұл көлем 60 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Түсімдердің артуына жаңа ақылы жолдардың қосылуы себеп болады.

«Ағымдағы жылы қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді», – деді министр.

Түскен ақша қалай жұмсалады

Қарабаев бұл қаражаттың бір бөлігі құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерін өтеуге жұмсалатынын айтты.

«Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазір республика бойынша ұзындығы 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді», – деді министр.

Айта кетсек, осыған дейін Көлік министрлігі Үшарал-Достық автокөлік жолына қатысты арнайы бұйрығы жарияланған болатын. Оған сәйкес, Алматыдан Алакөлге баратын жол ішінара ақылы болады.