Дубайда Тhe UAE SWAT Challenge 2025 халықаралық жарыста «Сұңқар» бөлінісінің жауынгерлері жарыстың бірінші және үшінші күндері топтан озып, жеңіске жетті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, үшінші күні «офицерді құтқару» деп аталатын сайыс өткен. Онда сұңқарлықтар «құтқару жұмыстарын» сәтті жүргізіп, сынақты 2 минут 11 секундта аяқтаған.
Қазақстандық көрермендер бұл турнирді тікелей эфирден тамашалап, шетелде бақ сынап жатқан жауынгерлерге қолдау көрсеткен. Ал жауынгерлер қолдаушылары мен жанкүйерлеріне алғыс білдірген.
«Бізді қолдаған жандардың бәріне рақмет. Жерлестердің лебізі бізге күш-жігер сыйлайды», – деген ыстық лебіздерін жеткізген.
Ал ІІМ жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған «Томирис» құрамасы тіпті ерекшеленді. Олар ерлер тобынан құралған қарсыластарынан озып, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізген.
Айта кетейік, қазақстандық жауынгерлер жарыстың бірінші күні де топтан озды. Бұл күні «Сұңқар» арнайы жасағы алтын медаль жеңіп алған болатын. Ал «Арыстан», «Сардар», «Арлан» топтары да жақсы нәтиже көрсеткен.