Жаңалықтар

Трампқа жауап ретінде Қытай Google-ға қарсы тексеріс бастады

Google тексеріс
Қытай Google-ға қарсы тексеріс бастады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сейсенбі, 4 ақпанда Қытай Google сияқты америкалық компанияларға қатысты ауқымды монополияға қарсы тексеріс науқанын бастайды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы Google компаниясының монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

Бұл шаралар АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайдан келетін тауарларға баж салығын көтеруі себеп болды. Бұдан кейін ресми Бейжің АҚШ-тан келетін көмір, газ және электрлі жүк машиналары сынды туарларға баж салығын көтеріп жіберді. Осылайша әлемнің екі ірі экономикасы арасында сауда шиелінісі арта түсті.

«Сенімсіз ұйымдар»

Сонымен қатар атақты бренд тауарлар өндіретін Calvin Klein және Tommy Hilfiger компаниялары мен Illumina биотехнологиялық фирмасы да «сенімсіз ұйымдар» тізіміне кіргізілген.

Сауда шиеленісіне байланысты Қытайдың АҚШ-қа жауап ретінде баж салығын енгізуі Teslа компаниясын дай айналып өтпейтін секілді. Өйткен баж салығы артатын тауарлар қатарына электрлі көліктер де кірген. Ал америкалық компания шағырған Cybertruck автомобилі электрлі жүк көлігіне жатқызылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Илон Маск 10% көлемінде кедендік баж салығын төлеуге міндеттеледі.

Трамп бастаған «сауда соғысы»

Еске сала кетсек, ақпанның басында АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше елге баж салығын енгізу туралы құжатқа қол қойды. Нәтижесінде Мексика мен Канададан келетін тауарға баж салығы 25%-ға артатыны белгілі болды. Ал Қытайдан келетін тауарлардың кедендік салығы 10%-ға дейін көтерілген еді. Тек бұл елдер ғана емес, сонымен бірге бірге Трамп ЕО елдеріне баж салығын көтеріп жіберді. Америка президентінің бұл шешімі нарықта дүрбелең тудырды. Салдарынан Азия қаржы нарығы мен криптовалюта нарығы күрт құлдырап, биткоин бағасы 94 мың долларға дейін бірақ төмендеді.