Премьер-министр Олжас Бектенов артық салмағы бар жүк көліктерін жолға шығармауға тапсырма берді. Ол үшін алдымен жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйелер орнатылмақ. Ондағы мақсат – жолдарды тозудан сақтау.
Премьердің тапсырмасына қарағанда, енді салмағы нормативтен асып кетсе, көліктердің автожолмен жүруіне тыйым салынбақ.
«Көлік жолдарын нормативтік жай-күйін сақтау – басымдық берілген міндет. Көлік министрлігіне барлық жолдардың жағдайына қатаң бақылау жасауды және ақауларды уақтылы жойып отыруды тапсырамын», – деді премьер.
Олжас Бектеновтың бұл бұйрығын көлік министрлігімен бірге, әкімдіктер де орындауы тиіс. Премьердің сөзіне қарағанда, жолдарды сақтау үшін жүк көліктердің салмағын өлшеу керек. Бұл автоматтандырылған жүйелерді орнатуды талап етеді.
«Бұл жұмысты жеделдетіп, нормативтен асып кеткен жағдайда, жолға шығуға рұқсат бермеу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Мұның алдында автожолдарда жүк көлемін есептеп отыратын автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС) көбейетіні туралы жазған едік.