Жаңалықтар

Қазақстан бюджеті көлеңкелі бизнес кесірінен 74 млрд теңгеден қағылды

Қазақстанда көлеңкелі бизнес үлесі көбейіп жатыр / Фото: shutterstock

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, соңғы жылы мемлекеттік қазына заңсыз кәсіпкерлік кесірінен 74 млрд теңгеден айырылған. Бұл тек ресми мәлімет қана, шын мәнінде, бұдан да жоғары болуы мүмкін деп жазады мамандар.

Салық төлемейтіндер көбейіп жатыр

Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Қазақстандағы еңбекке жарамды халықтың 14%-ы кәсібін заңсыз түрде жүргізеді. Әсіресе, елдімекендердегі жағдай қиындау. Ол жақта мемлекеттік бақылау әлсіз, ал жұмыссыздық деңгейі жоғары. Бизнестің көлеңкеге кетуіне негізгі себеп – жоғары салық және әкімшілік процедураларының қиындығы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы елдегі көлеңкелі экономика үлесі ЖІӨ-нің 17,5%-ын құраған. Әсіресе, сауда, ауыл шаруашылығы, транспорт және денсаулық сақтау, білім беру саласында заңсыз жұмыс істейтін кәсіпкерлер көп.

Ал аймақтардан Алматы, Астана және Шымкентте көлеңкелі бизнес үлесі жоғары. Кәсіпкерлер барынша «таза» жұмыс істеуге тырысатын аймақ – Абай және Жетісу облыстары.

Көлеңкелі бизнестен неге қорқу керек?

Егер елдегі көлеңкелі бизнес үлесі арта беретін болса, инвестиция мен экономикалық өсім азая береді. Оның үстіне қосымша құн салығын көтеріледі деген жаңалықтан кейін де көптеген бизнес көлеңкеге кетуді таңдап жатыр дейді мамандар.

Мемлекет қатаң шараға көше ме?

Қазақстан үкіметі көлеңкелі экономика үлесін азайту үшін түбегейлі шаралар жоспарлап отыр. Жақында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көлеңкелі бизнеспен күрестің тиімділігін анықтау үшін шенеуніктерге KPI енгізуді тапсырды. Бұл дегеніміз мемлекеттік органдар салықтан жалтарғандарды анықтап қана қоймай, көлеңкелі экономика үлесін төмендету үшін жүйелі жұмыс бастайды.

2025 жылдан бастап мемлекеттік органдарда көлеңкелі бизнеспен күрес бойынша стратегиялық даму жоспары болуы керек. Ол үшін салық органдары цифрлық технологияларды белсенді пайдаланып, бақылауды күшейтіп, тексерулер санын көбейтеді.

Жаңа енгізулерден кейін көлеңкедегі миллиардтаған теңгелер қайта экономикаға оралады деген үміт бар. Бірақ сарапшылар салық саясатын реформаламай, көлеңкелі бизнеспен күрес жылдарға созылуы мүмкін дегенді айтады.