Қазақстан ОПЕК + келісіміне адалдығын растап, осыған дейін уәде берген міндеттемелерін толық орындайды. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлайды.
«Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның іске қосылуына байланысты биыл өндірістің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберінде міндеттемелерді сақтаудың маңыздылығын растайды және халықаралық құқық шеңберінде әріптестермен келіссөздер жүргізетін болады», – деп жазылған ведомство сайтында.
Оған сәйкес, Қазақстан 2024 жылға артық өндірісті өтеуі керек және 2025-2026 жылдары белгіленген шарт аясында ғана мұнай өндіруі тиіс.
Қазақстан ОПЕК+ ұйымына мүше болғалы бері мұнай өндірісін келісетін болған. Бірақ соңғы жылдары ұйым шеңберіндегі міндеттемесін бірнеше рет бұзып, келіскен көлемнен де артық мұнай өндірді. Былтыр қаңтар-қазан айларында қара алтынды 1,11 млн баррельге артық шығарды.
28 қаңтарда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келісімдерді бұзуын инвестор алдындағы міндеттемелерге байланысты деп түсіндірген еді.