Банк пен қаржы

Ұлттық Банк АҚШ-қа 48 млн доллардың ескі валютасын жіберген

Ескі үлгідегі долларды Ұлттық Банк шетелге жібереді / Фото: shutterstock

Ұлттық Банк сұраныстан тыс қалған ескі үлгідегі долларды коммерциялық банктерден сатып алу туралы шешім қабылдады. Ол ақшаны ары қарай шетелге шығарады.

Реттеушінің хабарлауынша, былтыр екінші деңгейлі банктерден 48 млн доллар сомасында ескі доллар сатып алып, шетелге жіберген. Биыл да солай ескі купюраларды сатып алуын жалғастырады. Бұл ақшалардың мерзімі өтіп кеткен және оны көптеген ел пайдаланудан бас тартқан.

Ал банктерге шетелдегі нарыққа сай комиссиялық сыйақы төленеді. Нарықтан алған долларды АҚШ Федералды резервіне жібереді

«ҚҰБ тікелей АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл өз кезегінде тасымалдау, сақтандыру секілді басқа да потенциалды шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша аталған операциялар бойынша комиссиялық сыйақы 0,3%-ға дейін төмендетілді» , – деп жазылған Ұлттық Банк хабарламасында.

Бұған дейін реттеуші шетелдік валюталарды сатып алу және сату бағамдарының арасындағы спредті белгілеген еді. Ұлттық Банктың жаңа ережесіне сәйкес, айырбастау пункттерінде долларды сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 7 теңгеден, еуроны саудалағандағы айырмашылық 10 теңгеден аспауы тиіс.