Салық базалары бір айдан бері жарытып жұмыс істемей тұр
Қазақстанда жыл басынан бері салық базалары осымен кем дегенде бесінші мәрте жұмыс істемей қалды. Жүйенің істен шығуы салық төлеушілерге айтарлықтай қолайсыздық тудырып отыр.
Бүгін мемлекеттік кірістер комитеті 4 ақпан сағат 16:00-ға дейін «Орталықтандырылған сәйкестендірілген дербес шоттар» ақпараттық жүйесінде (ОСДШ АЖ) техникалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.
«Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген кезеңде ОСДШ АЖ ақпараттық жүйесінің сервистері қолжетімсіз болады. Тудырған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – деп хабарлады комитет.
Жаңа салық саясатын қолға алған кірістер комитеті, жекелеген салық бөлімдерін есепке алмағанда, жыл басынан бері осымен бесінші мәрте салық базалары жұмыс істемей тұрғанын ескертті.
2025 жылы салық базалары жұмыс істемей тұрғаны алғаш рет 10 қаңтарда мәлім болған. Сол кезде кіріс комитетіндегілер мұны «халықаралық стандарттарға» көшіп жатқанымен түсіндірген.
«Мемлекеттік кірістер комитеті төлем жүйенің 20022 ISO халықаралық стандартына ауысу шеңберінде техникалық жұмыстар жүргізілетіне байланысты 10 қаңтарда сағат 12.00-ден 21.00-ға дейінгі кезеңде ОСДШ және БСАЖ ақпараттық жүйелері сервистерінің жұмыс тұрақсыздығы және кезең-кезеңімен қолжетімсіздік байқалатынын хабарлайды», – деп ескерткен комитет.
Бір аптадан соң, 17 қаңтарда, салық базалары тағы жұмыс істемей тұрғаны мәлім болды. Комитеттегілер оны «техникалық жұмыстармен» түсіндірген.
Тағы бір апта өткенде кіріс комитеті ОСДШ ақпараттық жүйесі 13 қаңтардан бері жұмыс істемей тұрғанын мойындап, салық жүйелері 27 қаңтарға дейін іске қосылмайтынын ескерткен.
Енді міне, бүгін тағы да кірістер комитетінің «техникалық жұмыстары» әлі аяқталмағаны мәлім болды. Салық базаларының үздіксіз жұмыс жүйесіне қашан көшетіні әзірге белгісіз. Билік жыл басында жаңа салық саясатын жариялағанын ескерсек, соны реформалардың техникалық сенімді әрі мықты базасыз жүзеге асуы екіталай.