НАТО-ны он жыл басқарған Йенс Столтенберг саясатқа қайта оралып, Норвегия қаржы министрі қызметін атқарады. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.
Солтүстікатлантикалық альянстың бұрынғы бас хатшысы Столтенберг норвег саяси аренасына қайта оралып, елдің қаржы министрлігін басқарады. Жергілікті саясатты жақсы білетін адамдардың FT басылымына хабарлауынша, осы қызметке Столтенбергті әдейі шақыртқан. Себебі Норвегия билігі АҚШ пен ЕО арасындағы сауда соғысының дәл ортасында қалудан қауіптенеді.
Ғасыр басында Норвегия премьер-министрі қызметін тоғыз жыл атқарған Столтенберг сейсенбі күні қаржы министрі болып тағайындалады. Себебі бұған дейінгі коалициялық үкімет Еуроодақтық энергетика саясаты төңірегіндегі дауға байланысты таратылған.
Столтенберг он жыл бойы НАТО бас хатшысы қызметін атқарып, былтыр ғана орнын босатқан. Басылым мәліметінше, ол АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасы жақсы. Бұған қоса, кезінде Столтенберг 2022 жылы Ресей Украина аумағына басып кірген уақытта Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына үгіттей алған.
Әлемдегі беделді саясаткерлердің бірі Йенс Столтенберг 66 жаста. Кезінде оны НАТО бас хатшысы қызметіне Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель ұсынған.