Инфляция ақшаңызды «жеп» жатқанын көріп, инвестиция туралы ойланып жүрсіз бе? Жинақты қалай пайдаланған дұрыс, қайда салсам ұтылмаймын деген сауалдар мазалап жүрсе, бүгінгі материалымызда осы тақырыпты тарқатамыз. Оның ішінде жылжымайтын мүлікке ақша салудың қыр-сырлары, артықшылығы мен кемшілігі қандай екенін талдайық.
Қорындағы ақшаға үй алып тастағысы келетіндерде түрлі мақсат болады. Атап айтқанда:
- Біреулер ақшасын көбейту мақсатында алғысы келеді. Егер коммерциялық мақсатыңыз болса, онда қолдағы қаржы мен алған үйіңізді дұрыстап қолдана алсаңыз, онда басында салған инвестицияңызды еселеп арттыра аласыз. Өйткені әдетте жылжымайтын мүлік бағасы жыл өткен сайын қымбаттай береді. Нарықтағы осыдан кемінде 5 жыл бұрынғы бағаларды шолып шықсаңыз, сөзіміздің расына көз жеткізесіз.
- Ақшасын қор қылып жинағысы келетіндер болады. Инфляцияға жұтылып кетпес үшін ақшаны демде құнсызданып кетпейтін дүниеге салу керек. Бұл ретте тәуекелі айтарлықтай минимум болатын тәсілдің бірі — жылжымайтын мүлік алып қою.
- Пассив табыс тауып отырғысы келеді. Қосымша табыс кімге артық болсын?! Алда-жалда бір форс-мажор бола қалса, алып қойған жылжымайтын мүлігіңізді жалға беріп жыртығыңызды жамай аласыз.
- Инвестиция әлемінен онша хабары жоқ, бірақ осы түрін қауіпсіз санайтындар болады. Расында жылжымайтын мүлікке ақша салу ең сенімді тәсілдердің бірі. Өйткені басқа активтерге қарағанда үй бағасының бір сәтте құбылып кетуі неғайбыл.
- Жағдайды жақсарту үшін ақша салуы мүмкін. Егер болашақта пәтерді сатып, үстінен ақша көргісі келетін болса, онда жылжымайтын мүлікке ақша салғаннан ұтатыныңыз көп болады. Жалпы алғанда бұл бизнестің бір түрі дей аламыз. Нарықтағы ахуалға қарай үйді алып-сатқаннан әжептәуір пайда көресіз.
- Жас инвесторға инвестиция әлемі туралы алғашқы әліпби бола алады. Өйткені жылжымайтын мүлікке ақща салып көрген кезде енді бастап жатқан инвестор осы салаға біртіндеп еніп, басқа активтерді сатып аларда керек болатын талай пайдалы білім алады. Әдетте инвесторлар осы мақсаттардың ішінде бір емес, бірнешеуін біріктіреді.
Жылжымайтын мүлікке инвестиция салғанның артықшылықтары мен кемшіліктері
Салым ретінде бұл өте сенімді құралдардың бірі екені рас. Десе де, кемшіліктері де жоқ емес. Бәрін таразы басына тарту үшін плюстері мен минустарын тізіп шыққанды жөн көрдік.
Артықшылықтары
- Ұзақ уақыт тұрақты қалыпты ұстап тұрады. Өйткені жылжымайтын мүлік жылдар бойы құнын жоғалтпай, сұранысқа ие болады. Сондықтан инвестицияның ең тұрақты тәсілдерінің бірі саналады.
- Құны өседі. Таңдаған кезде жақсы жерден алсаңыз, онда уақыт өте келе бағасы өсе береді. Сондықтан үй алатын кезде аймақ таңдаудан мүлт кетпеңіз.
- Инфляциядан қорған бола алады. Ақша құнсызданып кетпес үшін үй алып қойса болады. Өйткені басқа активтерге қарағанда бағасын ұстап қалатын бірден-бір тәсіл.
- Пассив табыс ретінде қолдана аласыз. Жылжымайтын мүлікті жалға береді не сатады. Егер жақсы ауданнан алған болсаңыз, онда қосымша табыс әкеліп тұрады.
- Инвестиция жасаудың бірнеше тәсілін пайдалануға болады. Мысалы пәтерді жалға беретін болсаңыз, онда тәулік не ай сайын дегендей түрлерін таңдай аласыз.
Кемшіліктері
- Қаражатыңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Егер елде экономикалық жағдай өзгеріп, су басып, өрт болып не басқа да табиғи апат түрлері бола қалса, онда баспана бағасы түсіп кетеді. Оған қоса заңдағы жаңа салық жүйесі дегендей өзгерістер де бағасына тікелей әсер етеді.
- Салған ақшаңыз демде еселеніп кетпейді. Өсім өте ақырын жүреді. Сондықтан активтің бұл түрін ұзақ мерзімге жоспарлаған жөн. Оған қоса нарықтағы ахуалды жақсылап зерттеп барып шешім қабылдаған жөн. Олай болмаса, ақшадан ұтылып қалуыңыз бек мүмкін.
- Салған ақшаңызды еселеу не ақтау үшін ұзақ күтіп қалуыңыз мүмкін. Салым қайтып, алған үйіңіз мол табыс әкеліп отыруы үшін он жылдап күтуіңіз керек болатынына дайын болыңыз.
- Қосымша шығындары болады. Өйткені кез келген үйге жөндеу жұмыстары жасалмаса, «тозып» кетеді. Мейлі ол үй, мейлі коммерциялық орын болсын, жөндеп отырасыз. Оған қоса коммуналдық төлем, мүлік салығын қосыңыз. Жалға алғандармен арада диалог орнатудың да оңай емесін ескеру керек.
- Бастапқы салымға көп қаражат керек. Қазір пәтер бағасы өте қымбат. Тіпті аумағы шағын ғана орын аламын десеңіз де, бірнеше миллионсыз үй ала алмайсыз.
Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу тиімді ме?
Нақты жауап беру өте қиын. Өйткені бұл жерде бірнеше фактор бар. Бірінші кезекте нарықтағы ахуалға қарау керек. Салымнан көл-көсір пайда көру үшін алдымен нарықты зерттейсіз. Мәселен ірі қалаларда, соның ішінде мегаполистерде жыл өткен сайын баспана бағасы өсіп жатыр. Демек, осы қарқын сақталса, инвесторларға осы жерлерден үй алып, инвестиция жасаған тиімді болады. Жалпы алғанда жылжымайтын мүлікке салған ақшадан пайда көру үшін жан-жақыт анализ жасап, нарыққа әсер ететін барлық факторды бүге-шүгесіне дейін қарап шығу маңызды. Пәтер бағасы өсіп жатқанымен, оны салым ретінде көргіңіз келсе, ауданның болашақта қалай өзгеретінін терең зерттеу керек.
Ол үшін қаланың сол бөлігінің инфрақұрылымына қатысты жоспарды шолып шығасыз. Метро, LRT сынды факторларды ескеріңіз. Айталық, қазір бір айдаладан үй салынып жатыр. Қасында әзірге мектеп, аурухана, балабақша, қоғамдық көлік дегендер жоқ. Мұндай жағдайда құрылысы әлі бітпеген үйді арзандау кезінде сатып алған дұрыс. Сөйтіп бүкіл шаруасы біткеннен кейін, инфрақұрылым реттелген соң алған бағаңыздан қымбаттау қылып сатып жібере аласыз. Бағасы көтеріле береді деп қорқып, аттандаған күйі көзді жұмып кез келген пәтерді ала салуға болмайды. Терең анализ жасауыңыз керек. Егер өзіңіз онша түсінбей жатсаңыз, ақша қиып, эксперттің көмегіне жүгінгеніңіз абзал.
Қандай жылжымайтын мүлікке ақша салған дұрыс?
- Жалға беру үшін пәтер сатып алсаңыз болады. Оның ішінде көпқабатты тұрғын-үйден пәтер, болмаса жер үй, таунхаус, коттедж ала аласыз.
- Коммерциялық орын сатып алуға болады. Кеңсе, сауда орталықтары, қонақ үй, қойма және т.б өз бизнесіңізге не жалға беру үшін ала аласыз.
- Жер телімдерін алуға болады. Сөйтіп ол жерді ауыл шаруашылығына, демалыс пен туризмге арналған аймақ қыла аласыз.
- Баспананы елден ғана емес, дамып жатқан елдерден де алып қоюға болады. Мысалы Азия, Африка, Латын Америкасы сынды елдерден пәтер алып жатқандар көбейді. Бір жақсысы, мұндай жағдайда инвестициядан көретін пайда шетел валютасымен кіріп тұрады.
- Курорттардан үй алуға болады. Апартаменттер, виллалар, қонақ үйлерге салым сала аласыз. Бірақ мұндай жерлерде бағасы басқалардан қымбат келетінін ескеру керек.
- Болашаққа инвестиция ретінде нысандар алып қоюға болады. Мысалы енді салына бастаған кезде үй алып қойып, дайын болған кезде алған бағадан еселеп қымбатқа сатып жібере аласыз.
- Инвестициялық әлеуеті жоғары орындар алуға болады. Мәселен қаланың қақ ортасынан реконструкция жасалатын және қайта сатып жіберуге болатындай нысандар ала аласыз.
- Мол табыс әкелетін жылжымайтын мүлік түрлері болады. Олар: пәтерлерінің ай сайынғы төлемі қымбат тұратын аймақтардан алынған жылжымайтын мүліктер.
Қандай тәуекелдерге дайын болу керек?
Инвестиция бар жерде тәуекел болатыны белгілі. Он жерден сенімді тәсілдің бірі десек те, қаупі болады. Инвестор кезігуі мүмкін негізгі қауіп-қатерді атап өтейік:
- Жылжымайтын мүлік бағасы өзгеріп кетуі мүмкін. Экономикалық ахуал, саяси жағдай, нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай пәтер бағасы ауыса береді.
- Инвестицияңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Егер инвестор тез арада сатамын деген шешім қабылдаса, пайда көре алмай, алған бағасымен бірдей не одан да аз ақшаға сатып жіберуі ғажап емес.
- Қаржылай шығындарға дайын болыңыз. Егер үйді ипотекаға алған болсаңыз, пайыз мөлшерлемесін ескеру керек. Сонымен бірге валюта бағасы өзгерсе не инфляция болса бұл да сізге тікелей әсер етеді.
- Заңдық мәселелер туындауы мүмкін. Жылжымайтын мүлік аларда не сатарда құжаттар сәйкес келмей, келісімшартта заңдық қателер кетіп, көршілермен келіспеушілік туындап, не болмаса келісім жасасып жатқан тараптан алаяқтыққа тап болуыңыз мүмкін екенін есте ұстаңыз.
- Жылжымайтын мүлікті басқару оңай емес. Пәтер иесінің тәжірибесі кем болса, жөндеу жұмысы, салық не басқа да төлемдерге қатысты мәселелер туындауы ғажап емес.
- Әлі құрылысы бітпеген үй алған қаржы жағынан тиімді десек те, салып жатқан компания құрылысты ұзартып не тоқтатып тастауы мүмкін. Мұндай жағдай жиі кездеседі.
- Түрлі форс-мажор болуы мүмкін. Табиғи апаттарды не басқа да жағдайларды ешқашан алдын-ала біле алмаймыз. Пәтеріңіз күл-талқан болып не бағасы күрт арзандап кетуі мүмкін. Сондықтан сақтандырып қойған абзал.
- Жалға алып жатқандар көңіліңізді қалдыруы мүмкін. Адами фактор бар жерде неше түрлі «тосын сый» болады. Қатер мейлінше аз болуы үшін бәрін тәптіштеп көрсетіп, келісімшарт жасасуды ұмытпаңыз.
Инвестиция құймас бұрын ескеру керек факторлар
Салымнан барынша көбірек пайда түсуі үшін мынадай факторларды міндетті түрде ескеріңіз:
- Жылжымайтын мүліктің қай түрін таңдайтыныңызды шешіп алыңыз. Нарықта сұранысы жоғары нысандарды алуға тырысыңыз. Мысалы ауданы шағын ғана болғанымен, сол студия орналасқан жер өтімді болғандықтан, сізге әлдеқайда көп пайда әкелуі мүмкін. Сонымен бірге бизнесмендер тарапынан сұраныс көп болатын аудандарды таңдасаңыз дұрыс болады.
- Үйдің жағдайына қарап алыңыз. Қирап, жөндеу керек үйлерді алмауға тырысыңыз. Әйтпесе, шығыны көп болса, кейін сататын кезде өзіңізге қиын болады. Ал енді арзанға алып, есесіне көңіліңіз қалағандай жөндеп аламын деген ойыңыз болса, ерік өзіңізде. Дизайны әдемі, дыбыс изоляциясы жақсы, тұрмыстық техникасы түгел болса, алушылар да көп болады.
- Орналасқан жеріне қарау керек. Өйткені локация жылжымайтын мүліктің құны мен оған деген сұранысқа тікелей әсер етеді. Инфрақұрылымы жолға қойылған, қоғамдық көлігі реттелген жерлерден алған абзал. Сауда үйлеріне, спорт кешендеріне, медициналық мекемелер, университет не мектептерге жақын жерлер өтімді болады.
- Жалға беру оңай шаруа емес. Басқару процесін жолға қойып алуыңыз керек. Егер уақытыңыз бен тәжірибеңіз жеткіліксіз болса әрі қаражатыңыз болса, онда көмекші алғаныңыз дұрыс. Ол нысанды бақылауда ұстап, басқарып отырады.
- Инвестициядан түсетін табысты арттырудың тағы бір жолы — пәтер не орынжайдың бастапқы мақсатын ауыстыру. Яғни тұрғын-үйді коммерциялық мақсаттағы жерге ауыстыра аласыз. Әлбетте, бұл ретте бизнеске арналған нысанның локациясы өте маңызды. Егер үйлесіп тұрса, онда коммерциялық орынжайлардан көбірек пайда таба аласыз. Өйткені ол — күнкөріске арналған емес, кәдімгідей ақша айналатын жер.
- Нысанның жасы да маңызды. Мысалы енді салынып бастаған үйлердің бағасы бастапқыда арзан келеді. Бірақ пайдалануға берілгеннен кейін бірден бағасы өсіп кетеді. Бастысы, пәтер алатын кезде салып жатқан компанияның сенімді екеніне көз жеткізуіңіз керек. Әйтпесе, алаяққа тап болсаңыз, ақшаңыздың артынан ұзақ жүгіріп қалуыңыз мүмкін.
- Егер ақша артылыа тұрса, онда бірнеше нысан алып қойып, инвестициялық қоржын жасап алсаңыз болады. Осылайша бір жердегі пәтердің бағасы түсіп кетсе, екіншісінің есебінен баланс сақтап отырасыз.