Жаңалықтар

Қазақстанда қала арасында ұшатын аэротакси пайда болады

Аэротакси Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін жолаушылар тасымалдайды / Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда қала арасында ұшатын аэромобиль пайда болады. Пилотсыз аэротакси Алматы мен Алатау қаласының арасында жолаушылар тасымалдайды. Бұл жайында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

Министр қазіргі уақытта Үкіметте аэромобиль арқылы жолаушылар тасымалын жүзеге асыру жобасы талқылана бастағанын айтты.

«Бұл – сутегі негізінде жұмыс істейтін, бес жолаушыға дейін сиятын, дыбыссыз тікұшақтар. Мұндай технологияларды Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары белсенді түрде дамытып жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі де аэромобиль саласын дамытуға қатысуға қызығушылық танытты. Қазір біз бұл технологияны Қазақстанда пилоттық түрде қолдану мүмкіндігін қарастырып жатырмыз,- деді министр.

Қарабаев аталған жоба әлі зерттеліп жатқанын айтады. Бірінші сатысында әуе көліктерін Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін сынап көрмекші. Министрлік пилоттық жобаны 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосуды көздеп отыр.

Алдағы уақытта Urban Air Mobility жобасы аясында әуе көлігіне арналған тест орталығы және жұмыс тобы құрылмақ. Жоба сәтті жүзеге іске асқан жағдайда, Алматы қаласында жаңа көлік жүйесі пайда болады деп күтіліп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайда ұшатын көліктер шығаратын зауыт салынатыны туралы жазған едік.