Бас имамның үйі деп видео салған адам кешірім сұрады. Зәулім сарайдың шын иесі кім?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бас имамның үйі деп видео салған адам халықтан кешірім сұрады / Фото: 2 гис, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желіде «Астананың бас имамының төрт әйелі, зәулім сарайы бар» деп видео салған ер адам көпшіліктен кешірім сұрады. Оның халықтан кешірім сұраған сәтін  ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы жария етті.

«Мен осыдан екі күн бұрын интернет желісіне Астананың бас имамының үйі деп бір видео салған едім. Ол видеоны мен бір арам оймен, жаман оймен түсірген жоқ едім. Шындығын айтсам, тик токқа саламын деп түсірген едім. Сол үшін бүкіл қазақ елінен кешірім сұраймын. Астананың бас имамынан кешірім сұраймын. Сол түсірген үйдің иесінен кешірім сұраймын. Мен де әкемін. Үш баланың әкесімін. Жалғыз шешем бар. Мұсылман бауырларыңызды кешіріп қойыңыздар»,- деді ол.

Халықтан кешірім сұраған ер адам видеоға жаман оймен түсірмегенін айтып ақталды.

«Шындығын айтсам, сондай бір жаман ой болған жоқ. Шу болып кетеді деп ойламадым. Ешқандай арам ой болған жоқ», – деп мәлімдеді ер адам.

Желідегі видео

Айта кетейік, жуырда әлеуметтік желіде Астана қаласы бас имамының зәулім үйі және төрт әйелі бар деген видео тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Видео авторы ол үйдің Астананың бас имамына тиесілі екенін және төрт әйелі бары туралы мәлімет таратады.

Жалған ақпарат

Алайда қаланың бас имамы Ерболат Жүсіпов бұл ақпараттың жалған екенін, оның шындыққа мүлдем жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл жағдайды ол діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу деп атады. 

Үй иесі кім?

Астанадағы зәулім сарайда имам емес, Зекет қорының экс-директоры тұратын болып шықты. ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы видеодағы үйдің шын иесін көрсетіп, мәселеге нүкте қойды. Халыққа видеоүндеу жазған ер адамның аты Нұрлан Леспекұлы. Ол осы үйдің иесі екенін мәлім етті.

«Мен, Нұрлан Леспекұлы. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде осы үй бас имамның үйі деп көрсетілген екен. Бұл – жалған ақпарат. Мен Нұрлан Леспекұлы осы үйде 15 жылдан бері тұрып жатырмын, өзім салып, өзім кіргемін», – дейді Нұрлан Леспекұлы.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, Алжанқұлов Нұрлан Леспекұлы бұрын «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдік директоры болып қызмет атқарған. Мүфтияттың ресми сайтындағы 2016 жылы 14 қаңтарда шыққан мақалада оның осы қордың өкілдік директоры болғаны туралы жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз