Қор нарығына шолу: Баффет нарықты таңғалдырды, Morgan Stanley Масктің қарызын сатып жатыр
Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway қоры шығыны көп Sirius XM компаниясына инвестиция сала бастады. Morgan Stanley Илон Масктің қарызын сатылымға шығармақ. 4 ақпандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
Уоррен Баффеттің қоры Sirius XM компаниясының акцияларын сатып алып жатыр
Уоррен Баффетт Sirius XM америкалық спутниктік радиохабар тарату компаниясының акцияларын қайтадан сатып ала бастады. Соның нәтижесінде оның бұл компаниядағы үлесі 35,4%-ға жетті, деп хабарлады CNBC.
Баффетттің Berkshire Hathaway қоры дүйсенбі күні 2,3 млн акцияны 54 млн долларға сатып алған. Бұл туралы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) жіберілген есепте айтылған.
Дегенмен, Sirius XM үшін 2024 жыл ауыр кезең болғанын атап өткен жөн. Жазылушылардың азаюына байланысты компания акциялары 58%-ға құлдырады. FactSet мәліметінше, Siri акцияларын бақылап отырған 16 сарапшының тек үшеуі ғана «сатып алуды» ұсынған. 2025 жылдың басынан бері компания акциялары шамамен 5%-ға өсті.
Қаржы нарығының қатысушылары Баффеттің бұл акцияларды не себепті сатып алғанын түсіне алмай дал. Өйткені компания жазылушыларынан айырылып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Sirius XM-ге инвестиция құю – аса қатерлі шешім. Сондықтан көпшілік үшін Баффеттің бұл таңдауы қаншалықты дұрыс болғанын бақылау қызықты болмақ.
Morgan Stanley Илон Масктің қарызын сатуда
Morgan Stanley Илон Масктің Х әлеуметтік желісіне (бұрынғы Twitter) қатысты қарызын сату туралы шешім қабылдады, деп жазды Bloomberg.
13 млрд долларлық қарыз қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген облигациялар түрінде сатылып жатыр. Оның бір бөлігі – Масктің xAI жасанды интеллект стартапын дамыту үшін алынған несиелер. Бұл облигацияларды сатып алған инвесторларға жобадан үлес тиеді.
Бұған дейін Morgan Stanley 1 млрд долларлық қарызды сатуға тырысқан. Бірақ ол кезде мәмілеге қызығушылық болмады. Маск Twitter-ді сатып алып, оны X желісі етіп қайта құрған соң жазылушылар мен табыс көлемі азайып, қарызы «тәуекелі жоғары» деп бағаланған-ды.
Алайда Масктің Дональд Трамппен жақындасуы жағдайды өзгертті. Жарнама берушілер платформаны қайта таңдай бастады. Инвесторлардың қызығушылығын арттыру мақсатында Morgan Stanley X-тің жаңартылған қаржылық көрсеткіштерін жариялап, арнайы кездесу де өткізіп үлгерді.
АҚШ-та бос жұмыс орындарының саны азайып келеді
АҚШ-тың еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарының саны желтоқсан айында 7,6 млн-ға дейін қысқарды. Қарашада бұл көрсеткіш 8,2 млн болған еді, деп жазды Market Watch. Ал 2022 жылы бос жұмыс орындарының саны 12,2 млн-ға жеткен болатын.
Сонымен қатар жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алатын адамдар саны 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді (COVID-19 пандемиясы жылдарын есепке алмағанда). Бұдан бөлек, алты айдан астам жұмыс таба алмай жүрген америкалықтардың саны күрт артты.
Бұл деректер АҚШ еңбек нарығының экономистер болжағандай күшті болмауы мүмкін екенін көрсетеді. Nationwide бас экономисі Кэти Бостянчичтің айтуынша, компаниялар жаңа қызметкерлерді жалдауды қысқартқанымен, қолда бар кадрларды сақтап қалуға тырысып жатыр. Сондай-ақ Дональд Трамптың сауда саясатына қатысты белгісіздік жұмыс берушілерді алаңдатып отыр.
Еңбек нарығындағы мардымсыз көрсеткіштер АҚШ Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы шешіміне ықпал етуі мүмкін.