Мәжіліс кулуарында Kursiv.Media тілшісі депутаттардан сайлаушыларына берген уәдесін қаншалықты орындап жатқанын сұрады.
Нартай Сәрсенғалиев: Уәделерімді түгелдей орындадым
Amanat партиясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев «уәделерімді түгелдей орындадым» деп отыр.
«Сайлау алдында «Халық айтсын» жобасымен елді аралап шықтым. Партиямыздың, сайлауалды бағдарламаның басты бастамаларын атап өттім, соның барлығы орындалды. Оны мен аралап өткен, аудан, ауылдардан көрсеңіз болады», -деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев сондай-ақ депутаттық сауалдарында көтерген мәселелер де шешімін тауып жатқанын жеткізді. Олардың қатарына Орал қаласынан Ресей шекарасына баратын жолдың салынып бітуін, Қоғамдық бірлестік құру үшін қажетті адам санын азайту жұмысына жетекшілік еткенін, денсаулыққа зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлерді зейнетке 55 жастан шығару туралы заңға жетекші болғанын қосты.
Депутаттың сөзінше, өзі көтеріп, шешімін таппаған мәселелер ішінде тек әлеуметтік педагогтердің мәселесі ғана қалған. Оны да депутаттық мерзімінің ақырына дейін біржақты етуге талаптанып жатқанына сендірді.
Құдайберген Бексұлтанов: Мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр
Amanat партиясының келесі депутаты Құдайберген Бексұлтанов өзіне жүгінген әр азаматтың өтініші тыс қалмағанын айтады. Ол да жоғарыда әріптесі айтқан денсаулыққа зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлерді зейнетке 55 жастан шығару туралы заңды тілге тиек етті.
Kursiv.Media тілшісі депутаттан сайланған округы бойынша сайлаушылармен қаншалықты етене жұмыс істеп жатқанын нақтылауды сұрады.
Бексұлтанов сайлаушыларын мазалаған мәселелердің бірі мүлік иелерінің бірлестігіне қатысты болғанын, оны Мәжіліс қабырғасында қарастырып жатқанын жеткізді.
«Мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр» деген депутат өзіне жүгінетін азаматтардың мәселелері кейде өзінің құзыреті шеңберінен шығып жататынын айтты.
«Ондайда тиісті органдарға хат жазып, түсініктеме алып, сауал жолдап азаматтарды қолдап отырамын», – деді ол.
Депутат мектеп басшысымен сөйлесіп бір азаматтың жұмысқа тұруына көмектескенін, кәсіпкерлерді әкім қабылдауына кіргізіп, мәселесін шешуге атсалысқанын атап өтіп, Чернобыль, ауған соғысы ардагерлерінің мәселелері бойынша кей нәрселерді заңға кіргізгелі жатқанын қоса кетті.
Магеррам Магеррамов: Барлық мәселенің шешімін тауып үлгермедік
Қазақстан халық партиясының депутаты Магеррам Магеррамов кей мәселелер бір күнде шешілмейтіндіктен, кей уәделерін әлі орындап үлгермегенін жеткізді.
«Дегенмен осы екі жылға жуық уақытта төрт заң жобасын қабылдадық. Бүгін тағы біреуін жолдадық. Одан бөлек қосымша аймақтардағы азаматтардың мәселесімен шұғылданамыз», – деді депутат.
Магеррам Магеррамов шешілген әлеуметтік мәселелер көп екенін айтып, соның бірі ретінде мүгедек балалары бар ананың мәселесіне араша түскенін келтірді.
«Көтерген мәселелерімнің дені шешімін тауып жатыр» деген депутат Нартай Аралбайұлы утильалымды төмендетуді белсенді жақтаған. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утильалымды төмендету туралы петиция бойынша бірнеше қоғамдық тыңдау өткізіп, ақырында қазіргі мөлшерлемені түсірмеу туралы шешім қабылдаған.