Қазақстан әскери институттарында Совет жүйесімен оқытады, онда қазақ тілі жоқ – маман

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қазақстан әскери институттарында Совет жүйесімен оқытады/Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери қауіпсіздік бойынша маман Эмин Джаббаров Қазақстанның әскеріне жауынгерлерді біріктіре алатын ұлттық рух жетіспейді деп санайды. Бұл туралы ол Dope soz подкасында айтты.

Сарапшының пікірінше, рухты көтеру үшін жауынгерлерге ұлттық батырлар туралы, олардың ерлік істері жайлы көбірек айту керек. Мұны Бауыржан Момышұлы жақсы түсінген.

«Маған мына тұсы ұнады. Ұлы отан соғысы немесе екінші дүниежүзілік соғыс дейміз бе, сол кезде Бауыржан Момышұлы жауынгерлердің қанын қыздырып, рухын көтеру үшін қазақ редакторларына «маған қазақша жазыңдар. Менің сардарларым орыс тілін түсінбейді» деп айтыпты. Ол жауынгерлерінің жігерін жану үшін оларға қазақ батырлары туралы, ұлы батырлардың ұрпағы екені жөнінде айту керектігін жақсы түсінген» дейді ол.

Қазақстан әскери оқуындағы өзгертуге тиіс нәрселер

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның әскери институттары советтік, ресейлік оқу жүйесінен ажырамаған. Ол өзі әскери оқу орнында оқып жүргенінде жазушы Валентин Пикульдің совет үкіметінің тұсында 1959-1960 жылдары жазылған «Баязет» романының тұсаукесері өткен.

«Бұл – ұят. Қазақстанның әскери институтында өзге мәдениеттің, нәсілдің ерлік істерін насихаттау қалыпты болмауы керек. Бізге өзіміздікі қажет» дейді маман.

Эмин Джаббаров оқуға түсушілердің басым бөлігі қазақ мектебінің балалары екеніне қарамастан, Қазақстанда әскери оқу тек орыс тілінде жүргізілетінін айтты.

Сарапшы сондай-ақ әскерде шен алғанда Совет кезінен бері келе жатқан 200 грам арақ ішу дәстүрі ауылдан келген қазақ балалары үшін жат екенін, оны доғару қажеттігін атап өтті.

Жуырда мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әскердегі әлімжеттік қоғамның бір көрінісі екенін, оны азайту үшін көптеген кешенді шаралар керектігін айтқан. Депутат сол сөзінде әскердің ауыртпалығына психологиялық тұрғыдан дайын болып барудың маңызына да тоқталып өткен.

Сондай-ақ оқыңыз