Азаматтық қорғау қызметкерлеріне отбасының әр мүшесіне тұрғын-үй өтемақысы төленуі мүмкін. Аталған норма төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәжілісте таныстырған Азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңда көзделіп отыр.
Тұрғын-үй өтемақысы
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні азаматтық қорғау қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысы мен қызметі бойынша басқа өңірге көшкені үшін қосымша ақы төленбейді. Аталған заң осы олқылықтың орнын толтырмақ.
«Бұл төлемдерді белгілеу қызметкерлерге, әсіресе жылжымайтын мүлік құны қымбат өңірлерде тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі» дейді министр.
Шыңғыс Әріновтың сөзінше, заң қабылданып жатса, әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне төленетіндей, құтқарушылардың отбасының әр мүшесіне тұрғын-үй өтемақысы теленеді. Ол үшін қызметкердің өзі мен отбасы мүшелерінің атында тіркелген мүлік болмауға тиіс. Оның мөлшері әр қалаға байланысты әртүрлі болады.
Өтемақы мен сауықтыру
Сондай-ақ министрлік төмендегідей шарт-жағдайды енгізуді көздеп отыр:
– өмір сүру жағдайлары қауіпті шалғай және жетуі қиын жерлерде, атап айтқанда төтенше жағдай, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жерде жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу:
– санаторлық-сауықтыру емімен қамтамасыз ету;
– казармалық жағдайда болғаны үшін тамақтандыру.
Министрдің пікірінше, осы өтемақылар қызметкерлерге олардың кәсіби қызметтеріне байланысты төнетін қауіп-қатерлер мен қиындықтарды өтейді.
«Жалпы алғанда, тұрғын үй төлемдері мен үстемеақыларды белгілеу, білікті мамандарды тартуға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі» дейді министр.
Азаматтық қорғау қызметкерлеріне төтенше жағдайлар қызметкерлері кіреді.
Заңды мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұған дейін, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығының мөлшерлемесі арттырылған жағдайда бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы, сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері де арттырылатынын мәлімдеген.