Қазақстанның Ұлттық қоры – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды қаржы резерві. Алайда соңғы жылдары қордан алынатын трансферттер көлемінің артуы және мемлекеттік бюджет тапшылығы оның болашақтағы орнықтылығына қауіп төндіріп тұр. Осы ретте Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қор қаржысын үнемдеу үшін «Сантьяго принциптерін» ұстануды ұсынады.
Бүйірі тесік бюджет
Былтыр республикалық бюджеттің кірісі 2024 жылы 19,6 трлн теңгені құрады. Соның ішінде салықтық түсімдер 63% үлесін иеленді. Салық жоспардан аз жиналғандықтан, бюджетті толтыру үшін Ұлттық қордан қомақты трансферттер алынды.
2024 жылы бюджеттапшылығы 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 2023 жылғы 2,8 трлн теңге деңгейімен салыстырғанда 30%-ға көбейді. Сондықтан шығыстардың тиімділігін бағалап, әлеуметтік маңызы төмен жобаларға кететін қаржыны қысқарту қажет.
Қарызға тәуелділік артып келеді
Нарықтан алынған борыш көлемі де артты. 2024 жылы 7,5 трлн теңге көлемінде қарыз тартылып, оның 75%-ы ішкі нарықта орналастырылды. Сонымен қатар алдағы уақытта 2,5 млрд АҚШ доллар көлеміндегі еурооблигациялар өтелуі тиіс. Бұл факторлар мемлекеттік қарыздың өсуіне және оны өтеуге кететін шығындардың ұлғаюына ықпал етеді. Сарапшылар мемлекеттік бағалы қағаздарға салынатын салықтың енгізілуі олардың тартымдылығына кері әсер етуі мүмкін деп тұжырымдайды.
2024 жылы мемлекеттік қарыз көлемі 31,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл қарыздың 2023 жылмен салыстырғанда, 4,6 трлн теңгеге артқанын көрсетеді. Қарызды өтеуге және оған қызмет көрсетуге кететін шығындар өсіп, бюджеттің тұрақтылығына теріс әсер етіп жатыр.
Қазіргі таңда бұл шығындар 5,9 трлн теңгені құрап, өткен жылғы 4,4 трлн теңгемен салыстырғанда 34%-ға артты. Сондықтан жаңа қарыздарды тартуды шектеу және бюджеттің кіріс бөлігін арттыру арқылы Ұлттық қорға түсетін қысымды азайту қажет.
Ұлттық қордың қазіргі жағдайы қандай?
2024 жылы Ұлттық қордың жалпы активтері 33,1 трлн теңгеге жетті. Алайда бюджет тапшылығын жабу үшін қордан алынатын қаражат көлемі де айтарлықтай өсті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,3 трлн теңгеге дейін жетті. 6,3 трлн теңге – қордағы қаржының бүтін бір бөлігіне тең. Мұндай үрдіс жалғаса берсе, алдағы жылдары қордың тұрақтылығы әлсіреп, оның негізгі мақсаты – болашақ ұрпақ үшін қаржы жинақтау қаупі туындауы мүмкін.
Қаржыгерлер не ұсынады?
Қордан бөлінетін трансферттерді шектеу. Қазіргі уақытта бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан жыл сайын үлкен көлемде қаржы алынады. Бұл қордың инвестициялық табысын азайтып, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан трансферттердің мөлшерін кезең-кезеңімен азайтып, оларды тек нақты қажетті салаларға бағыттау керек. Ұсынылатын шектеу – жылдық трансферт мөлшерін 2,6 трлн теңгеден асырмау.
2024 жылы Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 5,0 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылғы 1,8 трлн теңгемен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Қазіргі кезде Ұлттық қор активтері негізінен облигацияларға (27%) және акцияларға (70%) инвестицияланған.
«Норвегияның Ұлттық қоры сияқты табысты қорлардың тәжірибесіне сүйене отырып, активтерді әртараптандыру қажет. Бұл цифрлық активтер, жасыл энергетика және технологиялық секторларға инвестиция салу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Егер инвестициялық табыс артса, Ұлттық қордан трансферт алудың қажеттілігі төмендейді», – деді қаржыгерлер.
Қаржы басқару жүйесінің ашықтығын арттыру. Ұлттық қордың қаржылық операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету үшін халықаралық стандарттарға сәйкес толыққанды есеп беру жүйесін енгізу қажет. «Сантьяго принциптері» негізінде қордың тиімділігін арттыруға болады. Оның ішінде қаржыгерлер:
- 11, 17 және 23-принцип– ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету;
- 12-принцип – тәуелсіз аудит жүргізу;
- 24-принцип – инвестициялық стратегияларды халықаралық тәжірибеге сай бейімдеуді ұсынады.