Үкімет қосылған құн салығы өссе де, нан мен сүт, май сынды әлеуметтік маңызды тауарлар қатты қымбаттамайды деген сенімде. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мәжіліс кулуарында әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылған құн салығы өспейтінін айтады.
«Қазір нақты шешім шыққан жоқ. Қазір әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен үй жанынындағы дүкендерге ҚҚС-ты қоспауды қарастырып жатырмыз. Негізгі түсінік бар. Ауыл шаруашылығы саласында салық жоқ, дүкендерде салық төмен болады. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға салық өспейді деп жоспарлап отырмыз», – деді вице-министр.
Дегенмен министр әлеуметтік тауарлардың бағасы әрдайым өсетінін жоққа шығармайды. Сонда да салық реформасының нәтижесінде баға қарқынды өспейді деген үмітте.
Әлеуметтік маңызы бар тауарларға не жатады?
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінеҮкімет 19 өнімді енгізген. Олар: ұн, нан, жұмыртқа, макарон, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы және май.
Кейбір ет түрлері (сиыр, тауық) мен сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз да бар.
ҚҚС қашан көтеріледі?
28 қаңтарда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық реформасын таныстыра келе, қосылған құн салығын қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру жоспарланып отырғанын айтты. Нақты шешім ақпанның ортасында қабылданып, Мәжіліс қарауына ұсынылады.
ҚҚС көтерілсе, тауарлар мен қызмет бағасы қымбаттайтынын да жоққа шығармады. Инфляциия 4-5 пайыз артады деген.