Жаңалықтар

Сырттан соққы болғаны расталды. Azerbaijan Airlines ұшағының апатына қатысты жарияланған алдын ала есепте не айтылды

Azerbaijan Airlines ұшағының апатында сырттан соққы болғаны расталды / фото: reuters

25 желтоқсанда Ақтау әуежайы маңында құлаған Azerbaijan Airlines ұшағының апатына қатысты алдын ала қорытындысы жарияланған еді.

Алдын ала есепте экипаж бен диспетчерлер арасындағы әңгімелердің толық нұсқасы жарияланбаған, сондықтан экипаждың Ақтауға бет алу себептері белгісіз күйінде қалып отыр.

GPS жүйесінің істен шығуы және сыртқы әсерлер

Есепте GPS навигациясының жұмыс істемегені және ұшаққа сырттан әсер еткен факторлар расталды. Сонымен қатар, әуе кемесінің артқы жағы мен гидравликалық жүйелері қатты зақымданғаны анықталған. Бұл басқару жүйесінің толықтай істен шығуына әкелген.

Экипаж әуежайға жақындаған кезде GPS жүйесінің істен шыққанын диспетчерге хабарлаған. Олар заманауи жүйелер қолжетімсіз болғандықтан, ескі бағыттау жүйесін (NDB) қолдануға мәжбүр болған.

фото: Көлік министрлігі

Экипаж әуеде неге қиындыққа тап болды?

Ұшақ Грозный әуежайына қонбақ болған, алайда навигация жүйелеріндегі проблемалар кесірінен бұл мүмкін болмаған. Грозный әуежайында үш ескерту болған:

  • GPS жүйесінің үзілістері туралы ескерту.
  • Қону жолағында бақылау жүйесінің істен шығуы (ILS жүйесі істемеген).
  • Қосымша техникалық ақаулар туралы хабарламалар.

Экипаж әуеге көтерілген соң, Баку бағытына қайта ұшуды жоспарлаған, алайда 05:13 UTC-де (08:13 жергілікті уақыт) бірінші сыртқы соққы тіркелген. Бұл кезде автопилот пен тарту жүйесі (thrust automation) істен шықты.

Экипаждың сөзінше, екі жолаушы креслосы жарылған. Бортсерік жолаушыларды тыныштандыруға тырысқанын хабарлаған.

Кейін 05:13:56 UTC-де тағы бір күшті соққы тіркелген. Экипаж диспетчерге кабинаға құс соғылды немесе оттегі баллоны жарылды деп хабарлады. Бірақ бұл нұсқалар расталмады.

Ұшақты зениттік зымыранмен атқылауы мүмкін бе?

Әуе кемесінің артқы бөлігінде, қанаттары мен қозғалтқышында тесіктер табылған. Сарапшылар бұл зениттік зымыранның жарқыншақтарынан қалған іздер болуы мүмкін деп болжайды.

Әзербайжан тарапы «Панцирь-С» зымыран кешенінің сынықтары ұшақтан табылғанын және бұл Ресей тарапынан атылған зениттік ракета болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл Бакудің ресми түрде осындай айыптауды алғаш рет жариялауы.

Сырттан тиген металл бөлшектері / фото: Көлік министрлігі

Azerbaijan Airlines ұшағы неге Ақтауға бағыт алды?

Ұшақ алдымен Бакуге қайтуды ойлаған, бірақ кейін Ақтауға бет бұруға шешім қабылдаған. Алайда не себепті Ресейдің жақын әуежайларына қонбағаны белгісіз.

Экипаж Махачкала, Минереальные Воды және Баку әуежайларындағы жағдайды сұрастырған, бірақ шешімін бірнеше рет өзгерткен. Осы уақытта биіктікті ұстап тұру қиындай түскен, өйткені гидравликалық жүйе толық істен шыққан.

Экипаж 05:39 UTC-де Ақтауға бағыт алғанын хабарлаған, бірақ 06:02-де ғана (тек 23 минуттан кейін) төтенше жағдай жариялаған.

Ресейдің «Ковер» жоспары мен әуе кеңістігін шектеу

Тергеу барысында Ресей диспетчерлері арасында «Ковер» жоспарын енгізу туралы әңгімелер анықталды. Бұл жоспар енгізілгенде, барлық ұшақтар аймақтан шығарылып, тек әскери немесе төтенше жағдайдағы ұшуларға рұқсат беріледі.

Ресейдің Росавиация басшысы Дмитрий Ядров Грозныйдағы әуежайдың Украина дрондарының шабуылына байланысты жабылғанын мәлімдеген. Алайда Әзербайжан ұшағы аймақтан ұшып кеткен соң ғана «Ковер» енгізілгені хабарланды.

Грозный әуежайының басшысы «Ковер» жоспары әуе кемесі аймақтан шыққан соң енгізілді деп мәлімдеді. Ол ұшақ үш рет қонуға әрекет жасап, ауа райының қолайсыздығына байланысты қона алмағанын айтты.

фото: Көлік министрлігі

Тергеу жалғасып жатыр

Әзірге бұл алдын ала ғана қорытынды. Толық қорытынды әлі жарияланбады. Бірақ есепте сыртқы әсердің орын алғаны, ұшақтың навигациялық жүйелері істен шыққаны, гидравликалық жүйелер толығымен зақымданғаны нақты көрсетілген.

Әзербайжан тарапы ұшақты Ресейдің зениттік кешендері атып түсірді деп мәлімдеп отыр. Алайда Ресей бұл оқиғаға ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.