Туристердің қауіпсіздігі үшін енді әрбір шетелдік қонаққа QR-коды бар карточка беріледі. Бұл туралы Polisia хабарлады.
Енді Қазақстанға келген әрбір шетелдік азаматқа шекаралық бақылау пункттерінде немесе әуежайда QR-коды бар арнайы карточка беріледі. Бұл QR-код туристерге қажетті ақпаратты ұсынатын SafeTravel.kz атты көп тілді электрондық порталға бағыттайды.
SafeTravel.kz порталы қандай мүмкіндіктер ұсынады?
SafeTravel.kz жүйесі туристердің Қазақстанда қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етуге арналған. Порталда келесі маңызды ақпараттар мен қызметтер қолжетімді:
- «102» мобильді қосымшасы – полициямен жедел байланыс орнатуға арналған, SOS функциясы бар;
- Көші-қон заңнамасы бойынша жадынама – елде болу тәртібін түсіндіретін ережелер жиынтығы;
- Қаланы бағдарлауға көмектесетін карта мен танымал қосымшаларға сілтемелер;
- Ресми такси қызметтері мен онлайн тасымалдау платформаларының тізімі;
- Ұялы байланыс операторлары мен олардың ресми сайттарына сілтемелер;
- Төтенше жағдайлар кезінде қажетті іс-әрекеттер алгоритмі;
- Жедел жәрдем, өрт сөндіру, құтқару қызметтерінің байланыс нөмірлері.
Жүйенің мақсаты қандай?
Бұл бастама Қазақстандағы туристердің қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, елдің халықаралық имиджін жақсартуға да бағытталған. Жаңа жүйе шетелдік қонақтардың елімізде жайлы және сенімді саяхаттауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстанды шетелдік инвестициялар үшін тартымды әрі қауіпсіз бағыт ретінде көрсетуге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта QR-коды бар алғашқы карточкалар елорданың халықаралық әуежайында шетелдік қонақтарға беріліп жатыр. Алдағы уақытта бұл жүйе барлық шекаралық бақылау бекеттерінде енгізіледі деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, 2024 жылы елімізге 30-44 жас аралығындағы 653 мыңнан астам турист, 25-29 жас аралығындағы 174 мың турист, 45-49 жас аралығындағы 156 мыңнан астам турист келген.