Жаңалықтар

Алпауыттар арасындағы «сауда соғысына» байланысты Қазақстанда қытайлық тауарлар қаптай ма?

Қытай үшін америкалық нарық жабылса, Қазақстанда қытайлық тауарлар қаптайды дейген пікірлер айтылуда
Қытай үшін америкалық нарық жабылса, Қазақстанда қытайлық тауарлар қаптайды деген пікірлер айтылуда / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына байланысты Қазақстанда қытайлық тауарлар қаптап кетуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Сауда вице-министрі Қайрат Төребаев Американың Қытайдан алатын тауарлары мен Қазақстанға келетін тауарлар арасында үлкен айырмашылық бар екенін айтады. Сол себепті қытайлық тауарлар қаптап кету қаупі жоқ деп сендірді.

«Расында, АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы қыза түсуі ықтимал. Америка нарығының жабылуына байланысты Қазақстанда Қытайлық тауарлардың қаптап кеттуі мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр. Қытай түрлі тауарлар шығарады. Америкадағы қытайлық тауарларға сұраныс, Қазақстандағы қытайлық тауарларға сұраныстан айтарлықтай ерекшеленеді. Сол себепті Қазақстанда қытайлық тауарлар санының артуы күтілмейді», – деді министрлік өкілі.

Қытайлық тауарлар қаптаса, баға арзандай ма?

Журналистер Қытай америкалық нарықтан толықтай айырлып қалса, назарын Қазақстанға салуы мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге мұндай жағдайда елде қытайлық тауарлардың қаншалықты арзандауы мүмкін екенін сұрады. Төребаев қытайлық кәсіпорындардың негізінен Америка сияқты үлкен нарыққа бейімделгенін, сол себепті бұл жағдайдаың нарықтағы бағаға қатты әсері болмайтынын мәлімдеді.

«Америкада басқа санаттағы тауарлар сұранысқа ие. Ол тауарлардың Қазақстанға келуі қиын. Өйткені жаңа тауар болғандықтан, ол алғашқы сертификациядан өтуі керек. Жаңадан тіркелуі керек. Оның үстіне бұл тауарларға Қазақстанда сұраныс айтарлықтай болмау мүмкін. Кәсіпкерлер соны да ескеретіні анық», – деді ол.

Қандай соғыс?

Еске сала кетсек, ақпан айы басталғалы АҚШ бірнеше елге қатысты сауда соғысын бастады. Америка президенті Дональд Трамп бірнеше елге баж салығын енгізу туралы құжатты қабылдады. Ол қаулыға сәйкес, Мексика мен Канададан келетін тауарларға кедендік баж салығы 25%-ға, Қытайдан келетін импортқа 10% деңгейінде бекітілген еді.

Аталмыш мемлекеттер АҚШ президентінің бұл қадамынан кейін тиісті жауап қайтаратынын мәдімдеді. Мәселен, Қытай АҚШ-тан келетін біраз тауарларға кедендік баж салығын салып, бұл елдің алпауыт компанияларын» сенімсіз ұйымдар» тізбегіне кіргізіп, монополияға қарсы тексеріс бастады.