«Вискиден жаман емес» – Колумбия президенті кокаинды заңдастыруды ұсынды
Колумбия президенті Густаво Петро «вискиден жаман емес екенін» айтып, кокаинді заңдастыруды ұсынды.
Оның пікірінше, Латын Америкасында өндірілетін болғаннан кейін ғана кокаинға тыйым салынып отырған көрінеді. Есірткі әзірленіп, тұтынылып жатыр. Сондықтан игі істерге жұмсалатын салық үшін бұл бизнесті заңдастырған абзал.
«Наркобизнесті оңай құртуға болады. Ол үшін бүкіл әлемде оны заңдастыру қажет. Оны шарап секілді сату қажет. Одан түскен ақша балалардың ішімдік ішіп, темекі тартпауына жұмсалуы қажет. Колумбияда бұл тұрғыдан жетістік бар», – деді ел президенті.
Кокаин Колумбияда басты экпорттық тауарға айналып отыр. Тіпті, мұнайды басып озған. 2023 жылы есірткі өндірісі 52 пайызға өсіп, 2 664 тоннаға жетті.
Қырғызстанда да жеңіл есірткі түрлерін заңдастыру туралы жиі сөз болады. Өткен желтоқсанда қырғыз депутаты Дастан Бекешев есірткіге деген көзқарасты өзгертуге шақырған. Оның пікірінше, адамдар алкоголь ішімдіктерін ішеді. Демек, есірткіге де сондай сұраныс бар деді депутат.
2024 жылдың маусым айында Қазақстанның ҰҚК есірткі айналымына қарсы 96 операция жүргізіп, 40 шақты есірткі арнасын жойғанын мәлімдеді.