Жаңалықтар

Миллиардер Тимур Турлов биыл ақшаны қалай сақтау керек екенін айтты

Турловтың сөзіне қарағанда, ақша салудың екі тиімді жолы бар/фото: KursivMedia мұрағаты

Миллиардер, Freedom Holding Corp негізін қалаушы Тимур Турлов 2025 жылы ақшаны жоғалтпай, керісінше көбейте түсудің жолдары жөнінде пікір білдірді.

Александр Соколовский подкастында кәсіпкер криптовалютаның болашағына қатысты күмән келтірген.

Ақшаны қайда сақтаған жөн?

Тимур Турловтың пікірінше, биыл ақша үшін жайлы жер болмайды. Тыныштықты қалағандар әлсірейді. Өйткені жоғары инфляция кезеңі басталған.

«Бұл барлық өзгерістерге тән нәрсе. Ақша құнсызданады. Сондықтан оны мемлекеттік құнды қағаздарда, табысы төмен банк салымдарына ұстау – нашар стратегия. Бұл ақшаны жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін. Басқа тәсілдердің де тәуекелі жоғары», – деді бизнесмен.

Турловтың сөзіне қарағанда, ақша салудың екі тиімді жолы бар. Бұл – бағалы қағаздардың базалық екі түрі. Атап айтқанда, үлес пен қарыз және түрлі формадағы акциялар мен облигациялар.

«Егер сенде өтімділік «жастығы» болса, оны банктегі депозитте сақтаған дұрысырақ. Онда да банктің шарттары толық жаппаса да, инфляциямен бәсекелесе алған жағдайда ғана. Сондай-ақ табысты және ірі корпорациялардың корпоративтік қарызына қарар едім. Ақшаның қандай да бір бөлігін корпорация қарызына салар едім. Әсіресе, дамушы елдердегі», – деді кәсіпкер.

Криптовалюта неге қорқынышты?

Турлов криптовалюталарға деген сұраныстың артуына сақтықпен қарау қажет екенін айтты.

«Маған әлі күнге дейін крипто идеясы ұнамайды. АҚШ президенті қолға алған соңғы мемкоинге келсек, олар ақылға қонымсыз әрекетке көшкендей. Адамдар оңай иланады. Бірақ, меніңше, бұл – қорқынышты нәрсе. Өйткені қаржы нарығы 200 жыл ішінде акцияға инвестиция тарту құралы ретінде сенімге ие болып отыр», – дейді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, адамдар биржада сатылып жатқан нәрселердің құндылығын түсінеді. Аяқ астынан активтердің жаңа класы пайда болды. Сырт көзге бұрынғы активтер секілді көрінгенмен, олардың ішінде ештеңе де жоқ.

«Акциялардың өзі – жоғары абстракция. Көп адам онда не сатып алып жатқанын түсіне бермейді. Ал енді атауынан басқа ештеңесі жоқ, бос орамды адамдарға заңды түрде сатуға болатыны анықталып отыр», – дейді Турлов.

Криптовалютаның болашағы бар ма?

«Адамдар діншіл. Бірдеңеге сене бастаса, ол үлкен күшке айналады. Крипто тарихтағы дінді еске түсіреді. Криптоға берілген адамдар өз алдына бір діни қауымдастық десек те болады. Крипто бізбен бірге ұзақ жасайтын болады. Дін де ұзақ өмір сүріп келеді. Адамдардың табиғаты осындай», – дейді Тимур Турлов.

Тимур Турловтың болжамынша, биткоин актив ретінде қымбат тұруы мүмкін. Бірақ кәсіпкерлер мен инвесторларға бұл қызық емес.

«Алыпсатарлық маған қызық емес. Бірдеңені арзан сатып алып, қымбатқа сатып, білетінімнен ақша жасау қызықтырмайды. Мен адамдар үшін сервис жасауға күш-қуатымды жұмсағым келеді», – дейді миллиардер.