Жаңалықтар

«Қазақмыс» Назарбаевқа ұшақ сыйлаған ба – компания жауап берді 

«Қазақмыс» ұшақ сатып алғанын мойындап отыр/коллаж: бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақмыс» корпорациясы жеке тұлғаларға, атап айтқанда, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшақ сатып алып, сыйға тартты деген ақпарат жөнінде түсініктеме берді. Баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Қазақмыс» корпорациясы Қазақстанның тұңғыш президентіне ұшақ сатып алыпты-мыс деген ақпарат таралды. Осыған орай бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейміз», – деп хабарлады корпорацияның баспасөз қызметі.

«Қазақмыстың» баспасөз қызметінің мәліметінше, корпорация ешқандай жеке тұлғаға әуе кемесін сатып әпермеген. Десе де, «Қазақмыс» ұшақ сатып алғанын мойындап отыр. Айтуларынша, оны компанияның өндірістік қажеттіліктері үшін алған.

«Мұндай келісім туралы кез келген мәлімдеме негізсіз және қоғамды жаңылыстыруға бағытталған», – деп терістеме берді «Қазақмыс».

Корпорация БАҚ-тарды және әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың растығын жіті тексеруге, күмәнді деректерді жариялаудан бас тартуға шақырып отыр.

Мұның алдында кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақмыс» тау-кен және металлургиялық корпорациясы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту ету үшін ұшақ сатып алғаны туралы хабарлаған болатын.

Компания концентратты мыс шығарудан әлемде 20-шы орын, ал қара және катодты мыс өндіруден 12-ші орын алады.

Корпорацияның негізгі акционерлері Эдуард Огай мен Владимир Ким. Ким «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы «Қазақмыстың» 69,37%, ал Огай 29,73% үлесіне ие.

Айта кететін жайт, 21 қаңтарда «Қазақмыс» компаниялар тобының Жезқазғандағы «Анненск» шахтасында 39 жастағы бір жұмысшы қаза тапқан еді.