Жаңалықтар

Сауда вице-министрі: бөлшек салық 4% күйінде қалады

салықты доллармен
Бөлшек сауда салығы 4% деңгейінде қала ма/ Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев шағын бизнес үшін бөлшек салық 4% деңгейінде қалатынын айтты. Бұл туралы вице-министр журналистерге берген жауабында мәлім етті.

Тілшілер Төребаевқа «ҚҚС көтерілгеннен кейін, бизнес көлеңкеге кетпес үшін қандай жеңілдіктер болады» деген сұрақ қойды.

«Үй жанында жұмыс істейтін дүкендердің карантиннен кейін енгізілген 4%-дық бөлшек салығы деген жеңілдігі бар, оны сол деңгейде сақтаймыз. Мәслихаттар оны 2%-ға дейін түсіре алады, әртүрлі аймақтарға байланысты», – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, қазір ведомство бөлшек салықты 4% деңгейінде қалдыруға күш салады.

«Саудаға жауап беретін салалық министрлік ретінде бөлшек салықтың бұрынғы 4% деңгейінде қалғанын қалаймыз және Үкіметтен соны сұрап отырмыз. Қазір оны сол деңгейде сақтап қаламыз. Ары қарай сауда жағдайы нашарлап кетеді деген тәуекел көріп тұрған жоқпыз», – деді ол.

Төребаев айтқандай көпшілік өңірде мәслихат бөлшек салықты 2%-ға дейін төмендеткен. Бірақ бір жылдан соң ол автоматты түрде 4%-ға көтеріледі.

Өткен жылы күзде Азат Перуашев салықты төмендету елдегі орта және шағын бизнеске оң ықпал етеді деген пікірмен, бөлшек сауда салығын 2% деңгейінде қалдыруды сұраған.