Банк пен қаржы

Зейнетақы қорынан бір айда 80 млрд теңге алынды

Зейнетақы қорынан 80 млрд теңге алынған / Фото: shutterstock

2025 жылдың қаңтар айында қазақстандықтар тұрғын зейнетақы жинақтарынан шамамен 80 млрд теңге алды. Оларды негізінен тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жаратқан деп жазады Бірінші кредиттік бюроның телеграм-арнасы.

Зейнетақы қорынан қанша қаражат алынды?

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 58,9 мың өтініш берілген. Олар қордан 48,4 млрд теңге алды. Өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда өтініш көлемі үштен бірге төмендеген.

Ал емделу мақсатында 31,1 мың өтініш болып, қордан 30,2 млрд теңге алынды. Өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш сәл ғана төмендеді, бірақ сұраныс әлі де жоғары дейді Бірінші кредиттік бюро мамандары.

Өткен жылы жазда зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігіне шектеу қою деген жаңалықтар шыққаннан кейін адамдар қордағы қаражатын алуды жиілеткен.

Зейнетақы қорының табысы төмендеп жатыр ма?

Қаңтарда зейнетақы қоры активтерінің кірісі төмендеп, -1,25%-ға тең болды. Бұл жағдай салымшылардың шоттарындағы жинақтардың азаюына алып келді.

Дегенмен БЖЗҚ мамандары зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді инвестиция екенін және кірістілікті кемінде бір жылдық кезеңде талдау маңызды екенін айтады.

2024 жыл қорытындысы бойынша, жылдық кіріс 17,84%-ды құраған. Жылдық инфляция 8,6%-ға тең.

Жеке басқарушы компаниялардың ішінде тек біреуі ғана БЖЗҚ-ның кірістілік көрсеткішінен асып түсті. Жалпы, орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының оң нақты кірістілігі сақталып отыр.

Дегенмен бір жыл ішіндегі зейнетақы қорының жинағы жақсы өсім көрсетті. 2024 жылы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 4,93 трлн теңгеге немесе 27,6% өскен.