АҚШ әкімшілігі енгізіп жатқан баж салығы әлем экономикасына айтарлықтай қатты әсер етпейтіні мәлім болған соң, Азия қаржы нарықтары 5 ақпан күні қалыпты жұмыс тәртібіне қайта оралуға талпынды, деп хабарлайды Reuters.
Трамп әрекетінің «әсері шамалы»
Дегенмен бір күн бұрын Уолл-стритте фьючерстер Alphabet акцияларының күрт құлдырауына байланысты әжептәуір зардап шеккенін айта кету керек. Сол себепті қаржыгерлер оның салдары бола ма деп алаңдаған.
Бұған қоса инвесторлар АҚШ президенті Дональд Трамптың соғыстан әбден қалжыраған Газа секторын бақылауға алып, экономикасын дамытсам деген мәлімдемесі қаржы нарығына қалай әсер ететінін күткен.
Соған қарамастан, доллар кейінгі бірнеше күнде еңсерген биігінен кері сырғи бастады. Оның үстіне президент Трамптың Қытайға 10 пайыздық баж салығын салу жөніндегі шешіміне Бейжіңнің қатты қабақ шыта қоймауы да инвесторлардың күдігін сейілте түсті. Өйткені салықтың мұндай түрі АҚШ импортының 14 млрд долларын ғана қамтитыны мәлім болды.
«Мұндай шаралардың әсері шамалы. Соған қарағанда, АҚШ айтарлықтай көп зиян келтірмей, белгі берумен ғана шектелгісі келген секілді», – деп мәлімдеді Capital Economics-тың Қытай экономикасы бөлімінің басшысы Джулиан Эванс-Притчард Reuters агенттігіне.
Мерекеден кейінгі өрлеу
Бұл уақытта жаңажылдық демалыстардан қайта оралған Қытай сәрсенбі күні ұлттық валютасының құнсыздануына жол бермеді. Ал қытай көк фишкалары (CSI300) 0.7 пайыздық өсім көрсетті.
Азия-Тынық мұхит аймағы акцияларының кең ауқымды индексі (.MIAPJ0000PUS) 0,8%-ға нығайса, жапониялық Nikkei (.N225) 0, 3%-ға күшейген. Оңтүстік Кореяның басты индексі 1,2 пайызға өрлегенін айта кету керек.
Ал АҚШ долларының жапон иеніне шаққандағы бағамы құнын 0,5 пайызға жоғалтып, жеті апта бұрынғы межеге түсіп қалды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Канада, Мексика және Қытайға баж салығын салатынын мәлімдеп, Бейжің Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданатынын ескерткен. Инвесторлар «сауда соғысы» басталады деп қауіптенсе, әлемнің қаржы нарықтарында кейбір акция едәуір құлдыраған.