Алматы қаласы цифрлы инновация орталығы екенін тағы дәлелдеді. 31 қаңтар және 1 ақпан аралығында «Атакент» павильондарының бірінде Халықаралық Digital Almaty 2025 цифрлы форумы өтті.
Ауқымды жиынға салмақ берген спикерлер арасында KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турлов та бар. Ал шахмат ойынына тікелей қатысы бар шаралар бағдарламаның ең тартымды бөліміне айналды.
Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылған форумға әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден аса сарапшы қатысты. «Industrial AI: жаңа дәуір технологиясы» тақырыбымен өткен басқосуда жасанды интеллектінің бизнес пен мемлекеттік басқаруға ықпалы ғана емес, қаржы және корпоративті секторлардың шахматқа стратегиялық ойлау құралы ретінде қарай бастағаны сөз болды.
Шахматтан жасанды интеллектіге дейін
Шахмат интеллектуалды ойын екенін жұрттың бәріне аян. Ал жасанды интеллектінің дамуы кезінде дәл осы шахматтан бастау алғанын көпшілік біле бермейді.
1989 жылы әлемнің 12-чемпионы Анатолий Карпов пен Deep Thought шахмат компьютері арасында әйгілі матч өтті. Бұл адаммен тайталаса алатын бағдарлама ойлап табудың алғашқы қадамы еді. Сол жолы Карпов компьютерді оңай жеңді. Алайда бар болғаны сегіз жылдан кейін, 1997 жылы, жаңа буынның Deep Blue шахмат компьютері әйгілі шахматшы Гарри Каспаровты жеңді. Сол кезден бастап көпшіліктің жасанды интеллектіге қатысты көзқарасы түбегейлі өзгеріп шыға келді.
«Жасанды интеллект көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келеді. Ендігі жерде адамға оның соны үлгілерімен тайталасу қиынға соға бастады. Алайда интеллектуалды дамудан қалмай, цифрлы дәуір қарқынына ілесудің қарапайым ғана бір әдісі – шахмат болып қала береді. Дәл осы көне ойын ақыл-ой көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, түрлі жағдайда шапшаң шешім қабылдауға көмектеседі.
Digital Almaty форумына Қазақстан шахмат федерациясы көптеген адамды тартты. Олар электронды шахмат тақталарын, оны үйрететін роботтарды қызыға зерттеді. Жұрттың ерекше ықыласын бақылау өте қызық! Соған қарап-ақ мен де Қазақстанның шахмат саласындағы болашағы жарқын екеніне көз жеткізіп, маңызды мақсаттарды жүзеге асыруға бел будым», – дейді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
KazChess: шахматтың бүгіні мен болашағы
Digital Almaty 2025 форумы аясындағы KazChess аумағы мазмұны жағынан екі бөлім бойынша жұмыс істеді.
Біріншісі – бүгіні: мұнда классикалық шахмат ұсынылып, Әлішер Сүлейменов, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрман және Ксения Балабаева секілді қазақстандық гроссмейстерлердің қатысуымен шахмат турнирлері өтті.
Екіншісі — болашағы: мұнда шахмат тастарын өз бетімен жылжытқан роботтар мен интеллектуалды тақталар көпшіліктің көзайымына айналды. Дәл осы жерде Тимур Турлов шахмат роботымен «шайқасқа» түсті.
Құрметті қонақтар арасында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сонымен бірге Қазақстан президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев болды.
Форумға қатысушылар екі жыл бұрын әйгілі шахматшы Магнус Карлсеннің өзін жеңген Әлішер Сүлейменовпен шахмет ойнау мәртебесіне ие болды. Олар 2024 жылғы шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрман және Ксения Балабаевалармен кездесті.
Форум қонақтарының бәрі ашық блиц-турнирге қатысуға мүмкіндік алды.
Digital Almaty 2025 форумы шахматтың интеллектуалды ойын ғана емес, ақыл-ойды, технологияларды және стратегиялық жоспарлауды дамытудың іргетасы екенін көрсетті. Жасанды интеллект кезінде шахматтан басталған, ал енді шахматтың өзі қазір цифрлы эволюцияның бір бөлігіне айналып отыр.