«Салықты көтергенше, шығынды азайтсын»: депутат Үкіметтің салық саясатын сынады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Депутат Берік Бейсенғалиев Үкіметтің қосылған құн салығын көтеру ұсынысын сынады / фото: shutterstock

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев үкіметке қосылған құн салығының мөлшерін көтеруді асықпауға кеңес беріп, премьер-министр Олжас Бектеновке осы мәселеге қатысты бірнеше сауал жолдады.

Мұның артында кім тұр?

«Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде, маған осы саланың сарапшыларынан, білікті экономистерден, ірі бизнес қауымдастықтардан және саяси партиялардан нақты әрі жүйелі ұсыныстар көптеп түсіп жатыр.

Үкіметтің салық саясатына байланысты қосылған құн салығын көтеру ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оған себеп – Үкіметтің бюджет тапшылығын толтырудың жолы ретінде ҚҚС-ны бірден 20 пайызға дейін көтеруді ұсынуы.

Аталған межені кім анықтады, жүйелі есеп-қисабын кім жүргізді?

Оны ресми түрде Мәжіліске қарауға қашан бересіздер?», – деп сұрады депутат.

Бейсенғалиевтің пікірінше, Үкіметтің қосылған құн салығын бірден жиырма пайызға көтеруі кәсіпкерлерге ауыр тиіп қана қоймай, қарапайым тұтынушыға да қосымша салмақ түсіруі мүмкін.

Бұған қоса депутат биліктің осындай саясаты салдарынан бизнес одан сайын ұсақталып, салықтан жалтару жолдарын іздеуге көшеді деп қауіптенеді.

«Бизнеске арналған салықты кәсіпкердің өзіне кесірі тимейтіндей етіп салу керек. Үкімет бюджетке қанша ақша қажет деп тапса, салық мөлшерін де сонша етіп белгілей салуға болмайды», – деп мәлімдеді Бейсенғалиев.

«Жасырын экономикамен» күрессе…

Мәжіліс депутаты бюджет тапшылығын салықты көтерумен емес, шығынды азайтумен, қаражатты үнемдеп пайдаланумен шешу керек деп есептейді. Сонымен бірге, Бейсенғалиев Қазақстан экономикасының шамамен үштен бірін құрайтын «жасырын экономиканы» жарыққа шығаруды ұсынып отыр.

Бұған қоса салық жеңілдіктерін қайта қарап, салықтан жалтарушылармен күресті күшейтуге болар еді деп есептейді депутат. Соған байланысты ол қосылған құн салығы мөлшерін көтеру мәселесін асықпай талқылауды ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, қосылған құн салығы мөлшерін көтеруді алғаш рет Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл 28 қаңтарда ұсынған. Шенеуніктің айтуынша, бұл бюджетке қосымша 5-7 трлн теңге алып келеді.

2024 жылы республикалық бюджетке салықтан бар болғаны 12,3 трлн теңге түскен. Салық аз жиналуына байланысты Қазақстанда бюджет тапшылығы артқан.

Қарапайым тұтынушылар салық мөлшерінің көтерілуі тұрмысқа кері әсер етеді деп сескенеді. Алайда Үкімет азық-түлік бағасы қымбаттамайды деп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз